Атыраудың “СОБР” ғимаратынан тараған шулы видеодан кейін тексеріс басталды
Әлеуметтік желілерге тараған Атыраудағы видеодан кейін қызметтік тексеріс басталды. Тараған видеоларда болжам бойынша, “СОБР”-дың қызметтік ғимаратында бастығы бағыныштыларын төмпештегені көрінеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бейнежазбада екі қызметкерді дөрекі түрде қорлап, балағат сөз айтқан адамның түрі көрініп, дауысы естіледі. Кадрларға қарағанда, олардың бірін алдымен бет тұсынан қолмен ұрып, кейін әлдебір затпен соққы жасаған. Сол сәтте тағы бір адам есікті ұстап тұрып, бөлмеге ешкімді кіргізбеген.
Видеомен қатар ішкі істер министрінің атына жазылған арыз да жария болған. Онда оқиғаға қатысы болуы мүмкін адамдар аталады. Атап айтқанда, Атырау облысы полиция департаментінің СОБР командирі мен рота командирлері көрсетілгені айтылып отыр.
Полиция бұл жағдай бойынша бір қызметкер тарапынан қызметтік тәртіптің бұзылғанын растады.
«СОБР қызметкерінің қызметтік тәртіпті бұзғаны расталды. Қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар бөлім басшылығы тарапынан жіберілген орынсыз әрекеттерге байланысты қызметтік тексеріс басталды. Оның қорытындысы бойынша қағидатты баға беріледі», – деп хабарлады полиция.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесінде қатысы бар барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық және тәртіптік баға берілмек.