Атыраудағы рейд: жүргізушілер неге наразылығын білдірді
Кеше Атыраудағы “Салтанат сарайы” автотұрағына Армения, Ресей, Грузия мемлекеттік нөмірлерімен жүрген 200-ден астам көлік жиналды, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.
ДАУ НЕДЕН ШЫҚТЫ
Жүргізушілер тәртіп сақшылары тарапынан болуы мүмкін рейдтер мен тексерулерді шұғыл талқылау үшін бас қосқан. Қалаға елдің өзге өңірлерінен қосымша полиция экипаждары келген соң жиналғандар саны көбейді. Жүргізушілер жаппай тексерулер мен салынуы мүмкін айыппұлдарға қарсылық білдірді.
Осы дейін полиция құжаттарды, сақтандыру полистерін, алғашқы көмек қобдишаларын, өрт сөндіргіштерді, сонымен қатар шетелдік тіркеудегі көліктерді тексерген болатын. Жергілікті жұрт сөзінше, бұл рейдтер жүргізушілер арасында наразылық тудырған.
Айталық, грузиялық нөмірі бар Toyota Camry 50 иесі Әділбек Табылдиев автокөлікті шамамен бес миллион теңгеге сатып алған.
“Біз жылдап алаңсыз жүргізіп келдік. Ал қазір шұғыл түрде сақтандыру жасату керек дейді, бірақ ол да құтқармайды-мыс”, – дейді ол.
ЖҮРГІЗУШІЛЕР ПІКІРІ
Кей жүргізушілердің ойынша, Атырау үшін осы секілді ауқымды рейдтер тым артық.
“Атырау – аса үлкен қала емес. Бізде қызба мінез заң бұзушылар ағыны жоқ. Онда мұндай шаралардың не қажеті бар? Әлде жергілікті полицияның күші жетпей ме?” – деді жүргізушілердің бірі.
Бейресми мәліметтерге сенсек, Атырауда шетелдік нөмірге бес мыңнан астам автокөлік бар. Көпшілігі Грузия мен Арменияда тіркелген.
Жиналғандардың айтуынша, оқиға орнына полиция, әкімдік, прокуратура және ҰҚК қызметкерлері келген. Алайда кездесуге қатысушылардың сөзіне қарағанда, оларға ешқандай нақты түсініктеме берілмеген.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, өңірде полицияның кешенді және қосымша күштерінің бірыңғай гарнизондық таратылымы өткен. Ресми нұсқа бойынша, күшейту шаралары құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.