Жаңалықтар

Атырау облысында әкімінің орынбасары жол апатынан қаза тапты

Атырау облысында Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Иғали жол апатынан қаза тапты, деп жазады Tizgin.kz порталы “Ақ Жайық” басылымына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, жол апаты 26 мамыр күні таңертең тасжолда болған. Қызметтік көлік жолдан шығып кетіп, аударылған. Көлікте Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Иғали жүргізушімен бірге жұмысқа бара жатқан.

«Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Иғалидың кенеттен қайтыс болуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен әріптестеріне көңіл айтамыз», – делінген әкімдік хабарламасында.

Мәліметке сәйкес, Ерболат Иғали 45 жаста болған. Оның артында бес баласы қалды. Ол еңбек жолын журналистикадан бастаған. Алғашында жергілікті газетте тілші болып жұмыс істеп, кейін мемлекеттік қызметке ауысқан. 2023 жылдың қаңтарынан бері Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.

 

Back to top button