Жаңалықтар

“Атажұрт” белсенділеріне үкім шықты

Айыпталушылардың біразы түрме жазасына кесілді, деп жазады Азаттық.

Жетісу облыстық соты Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртеп, наразылық акциясын өткізген “Атажұрт” белсенділеріне және олардың жақтастарына үкім шығарған.

Үкімге сай, айыпталушылардың біразына бес жылға түрме жазасы, жартысына бас бостандығын шектеу жазасы берілді:

Бекзат Мақсұтхан, “Атажұрт” ұйымының жетекшісі – 5 жылға сотталды.

Гүлдария Шеризат, “Атажұрт” белсендісі – 5 жыл түрме жазасы. Баласы төрт жасқа толғанға дейін жазасы кейінге шегерілді.

Тұрсынбек Қаби, “Атажұрт” белсендісі – 5 жыл түрме жазасы.

Еркінбек Нұрақын, “Атажұрт” белсендісі – 5 жыл түрме жазасы.

Ербол Нұрлыбаев, “Атажұрт” белсендісі – 5 жыл түрме жазасы.

Марғұлан Нұрданғазы, “Атажұрттың” жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Қанат Тұрдыбай, “Атажұрттың” жақтасы – 5 жылға бостандығын шектелді.

Қуандық Қосжанов, “Атажұрттың” жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Бақытжан Шұғыл, “Атажұрттың” жақтасы – 5 жыл түрме жазасы.

Аян Қалымбек, “Атажұрттың” жақтасы – 5 жыл бас бостандығын шектеу.

Батылбек Байқазы – 5 жыл түрме жазасы.

Беделхан Қабыләшім – 4 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу.

Сотқа түрткі болған оқиға

2025 жылы қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында «Атажұрт» белсенділері мен олардың жақтастары Қытайға қарсы наразылық акциясына шыққан. Наразылар Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеп, Шыңжаңда “түзету лагеріне” қамалған қазақтарды босатуды, Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен. Оқиғадан кейін полиция “Атажұрттың” 20-ға жуық белсендісін ұстап, әуелі әкімшілік жауапқа тартып, кейін “Ұлт аралық араздықты қоздыру” бабы (174-бап) бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Құқық қорғаушылар “Атажұрт” белсенділерінің қудалануының артында Қытай тұруы ықтимал деп болжайды. Amnesty International , Human Rights Watch сияқты халықаралық құқық қорғау ұйымдары “Атажұрт” белсенділерін босатуға шақырған.

Back to top button