ЖаңалықтарТергеу

Астананың тұрғыны бөтен көлікті фотосуреттер арқылы сатып жіберген

Ол көлік өзіне тиесілі емес екенін және оны сатуға ешқандай құқығы жоқ екенін сатып алушыдан жасырған.

Астана қаласының криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша 29 жастағы елорда тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Танысының Toyota Camry көлігін басқа адамға сатып жіберген

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті бұрыннан таныс азаматының сеніміне кіріп, оған тиесілі ақ түсті Toyota Camry автокөлігін суретке түсірген. Кейін бұл фотосуреттерді пайдаланып, автокөлікті өзге танысына сатылымға ұсынып, арзан бағаға өткізген. Көлік өзіне тиесілі емес екенін және оны сатуға ешқандай құқығы жоқ екенін сатып алушыдан жасырған.

Осының салдарынан көлік иесіне 11 миллион 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Жәбірленуші полицияға жүгінгеннен кейін жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу жүргізілуде

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Полиция азаматтарды көлік құралын үшінші тұлғаларға берер алдында барлық мәмілені заң талаптарына сай рәсімдеуге шақырады. Тіпті таныс адамдармен арадағы келісімнің өзі құжат жүзінде бекітілуі тиіс. Сенімге негізделген ауызша келісімдер алаяқтардың құрбаны болуға себеп болуы мүмкін.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button