Астанада жүк көлігі қағып кеткен оқушы қаза тапты
Қайғылы оқиға 26 мамыр күні болды.
Астанадағы мектептердің бірінде 5-сыныпта оқитын оқушыны жүк көлігі қағып кетіп, бала көз жұмды, деп хабарлады Tizgin.kz.
Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 26 мамыр күні Тәуелсіздік даңғылында, Пушкин көшесіне бұрылыс тұсында болған.
Mercedes жүк көлігінің жүргізушісі велосипедпен жолды кесіп өтпек болған баланы қағып кеткен. Алған жарақаттарынан бала оқиға орнында көз жұмды.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдық режимін бұзбауды және мектептер, тұрғын аймақтар, аула аумақтары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінің маңында ерекше мұқият болуды ескертті.