Астанада интернет-алаяқтардың құрбаны болған 20 жастағы қыз көз жұмды
Астана полициясы 20 жастағы қыздың өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болғанын анықтап жатыр. Ол интернет-алаяқтардың қысымына тап болған болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, бойжеткен телефон арқылы әрекет еткен алаяқтардың құрбаны болған. Оқиғаның мән-жайына қатысты Астана қаласының полиция департаменті түсініктеме берді.
«Интернет-алаяқтардың құрбаны болған 20 жастағы қыздың суицид жасау фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар, интернет-алаяқтық дерегі бойынша да бөлек қылмыстық іс тіркелген. Қазір тергеушілер қылмысқа қатысы болуы мүмкін тұлғаларды анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр.
Полиция мәліметінше, іс қазір тергеушінің өндірісінде. Құзырлы органдар марқұмның сенімді өкілдері және адвокаттарымен байланыс орнатқан.