Астана – Петропавл тасжолында жол апатынан екі адам қаза тапты
Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Астана – Петропавл тасжолында Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы мен ГАЗ-53 жүк көлігі соқтығысып, екі адам қаза тапты, тағы сегіз адам зардап шекті. Шағын автобус жүргізушісі қамауға алынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Екі адам қаза тауып, сегізі ауруханаға жеткізілді
Полицияның мәліметінше, 10 тамызда Астана – Петропавл автожолының 97-шақырымында Mercedes-Benz Sprinter және ГАЗ-53 көліктері соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусының екі жолаушысы көз жұмды. Тағы жеті жолаушы және ГАЗ-53 көлігінің бір жолаушысы түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.
Mercedes-Benz жүргізушісі қамауға алынды
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Mercedes-Benz Sprinter жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелері мен белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, сондай-ақ көлік жүргізу кезінде барынша мұқият болуға шақырды.