Артық әңгіме айтпаған жөн — Света Айтбаева Жүрсін Ерман мен Димаштың кездесуі жайлы пікір білдірді

Әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева желіде Димаш пен ақын Жүрсін Ерманның қызу талқыланып жатқан кездесуі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Димаш Құдайбергеннің Жүрсін Ерманға сәлем берген видеосы желіде қызу талқыланған еді. Кейбір адамдар “ақын неге әншіні менсінбеді, неге бата бермеді” деп жазған.
Аталған мәселеге қатысты Димаштың анасы Света Айтбаева да өз пікірін білдірді.
“Біздің үйдің балалары ата-әженің бауырында өскен балалар. “Үлкен кісі көрсең жүгіріп барып сәлем бер!” дегенді естіп өсті. Бұл жағдай аэропортта болған оқиға. Тіркеуден өтіп, ішке кіріп келе жатқанда Жүрсін аталарына сәлем берді, арнайы бата алуға барып тұрған жоқ. Ол кісі де жолдан шаршап отырған болар, денсаулығы да сыр беріп жүргенін білесіздер, артық әңгіме айтпаған жөн. Қазақтың өнеріне қызмет еткен тұлға ғой, ең алдымен сол еңбегін бағалаймыз. Димашқа бар қазақтың пейілі дұрыс, елдің батасымен қанаттанып жүрген бала ғой, атасына сәлем берді, бастысы – осы”.
Ақын мен әнші Катонқарағайға барған. Ол жерде “Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі” атты фестиваль өткен еді.