Жаңалықтар

Араб елдерінің бірі өлім жазасын алып тастамақ

Ливан парламенті өлім жазасын жою туралы заң жобасын мақұлдады. Құжат күшіне енсе, Ливан өлім жазасынан ресми түрде бас тартқан Таяу Шығыстағы алғашқы мемлекет болады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ВВС-ге сілтеме жасап.

«Хезболла» заң жобасына қарсы дауыс берді

Сейсенбі күні 128 депутаттан тұратын парламент мүшелерінің басым бөлігі бастаманы қолдады. Ал «Хезболланың» парламенттік фракциясы заң жобасына қарсы дауыс берді.

Енді құжат министрлер кабинетінің қарауына жіберіліп, кейін президент Джозеф Аунның қол қоюына ұсынылады. Ливан үкіметі бұл бастаманы қолдайтынын мәлімдеді.

Өлім жазасы өмір бойғы түрме жазасына ауыстырылады

Жаңа заң бойынша өлім жазасы мәжбүрлі еңбекпен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Алайда бұл жазаның нақты қалай орындалатыны әзірге толық айқындалмаған.

Мәжбүрлі еңбек Ливан заңнамасында бұрыннан бар, бірақ кейінгі жылдары іс жүзінде сирек қолданылған. Бұған елдегі қаржы дағдарысы, түрмелердің шамадан тыс толуы және билік ресурстарының шектеулі болуы әсер еткен.

Ливанда соңғы рет өлім жазасы 2004 жылғы қаңтарда орындалды. Содан бері соттар мұндай үкім шығарғанымен, оны орындауға қажетті президент, премьер-министр және әділет министрі қол қоятын жарлық қабылданбаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазір өлім жазасына кесілген 78-ден астам адам түрмеде отыр.

«Зорлықты зорлықпен тоқтата алмаймыз»

Заңның қабылдануына азаматтық қоғам өкілдері мен заңгерлердің ондаған жылға созылған күресі ықпал етті.

«Біз қылмысты қылмыспен әшкерелей алмаймыз және зорлық-зомбылықты зорлықпен тоқтата алмаймыз», – деді Ливанның азаматтық құқықтар қауымдастығының тең құрылтайшысы Орагит Юнан BBC-ге берген сұхбатында.

Бұған дейін Ливанда өлім жазасы ауырлататын мән-жайлардағы кісі өлтіру, адам өліміне әкелген терроризм, мемлекетке опасыздық жасау, тыңшылық және мемлекеттік қауіпсіздікке қарсы қылмыстар үшін берілетін.

Өлім жазасын жою жөніндегі бұрынғы бастамалар, соның ішінде 2004 жылы парламентке енгізілген заң жобасы мен 2008 жылғы әділет министрлігінің ұсынысы қолдау таппаған еді. Бұл жолғы шешім 20 жылдан астам уақытқа созылған іс жүзіндегі мораторийден кейін қабылданып отыр.

Back to top button