ЖаңалықтарОқиға

Ақтауда катер жартасқа соғылды: дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

Үш науқас жансақтау бөліміне жатқызылды.

Каспий акваториясында катердің жартасқа соғылуы салдарынан зардап шеккендердің қазіргі жағдайын Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Зардап шеккен бес адам ауруханаға жеткізілді

Оқиға салдарынан бес адам зардап шегіп, олардың барлығы клиниканың қабылдау бөліміне жеткізілген.

Қазіргі уақытта ауруханада төрт ер адам ем алып жатыр, тағы бір науқас амбулаториялық емделуге жіберілген.

Үш адамның жағдайы ауыр

Дәрігерлердің айтуынша, төрт зардап шегушіге түрлі жарақат диагнозы қойылған.

1988, 2002 және 1964 жылы туған үш пациент жансақтау бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Науқастар дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

1985 жылы туған пациенттің жағдайы тұрақты. Ол травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Ал 1996 жылы туған тағы бір зардап шегушіге қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем алуға жіберілді.

Катерде жеті адам болған

Оқиға 30 тамыз күні сағат 22:56-да Ақтау қаласының 5А шағынауданында орналасқан «Нұртөбе» бизнес-орталығы маңында болған.

Катердің бортында жеті адам болған. Олардың екеуі қаза тапты.

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

 

 

Back to top button