Жаңалықтар

Англия Норвегияны жеңіп, ӘЧ-2026 жартылай финалына шықты

Англия құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Норвегияны 2:1 есебімен жеңіп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Кездесу АҚШ-тың Майами қаласында өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Матч алдында басты назар Англия шабуылшысы Гарри Кейн мен Норвегияның сұрмергені Эрлинг Холандтың текетіресіне аударылған еді. Алайда бұл кездесуде екеуі де гол соға алмады. Англия құрамасының жеңісіне Джуд Беллингемнің дублі әсер етті.

Норвегия 36-минутта есеп ашты. Андреас Шельдеруп айып алаңының маңынан күтпеген жерден қақпаға дәл соққы жасап, допты тоғыздыққа тоғытты.

Бірінші таймға қосылған уақытта, нақтырақ айтқанда 45+2-минутта, Энтони Гордонның нәтижелі пасын тиімді пайдаланған Джуд Беллингем бірнеше қорғаушыны алдап өтіп, таразы басын теңестірді.

Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды. Ал қосымша уақыттың алғашқы бөлігінің 3-минутында Беллингем тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті. Морган Роджерстің соққысын норвегиялық қақпашы қайтарғанымен, бірінші болып жеткен Беллингем допты қақпаға бағыттап, Англияны алға шығарды.

Осылайша Англия әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Енді ағылшындар 15 шілдеде Атлантада өтетін жартылай финалда Аргентина мен Швейцария арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.

Back to top button