Анасы науқас, әкесі жұмыс істей алмайды – блогер қаза тапқан сарбаздың отбасының жағдайын көрсетті
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев Каспийдегі қайғылы оқиғада қаза тапқан сарбаз Алмас Көбеновтің отбасы туралы жазды. Оның айтуынша, сарбаздың анасы қатерлі ісікке шалдыққан, ал әкесі жұбайына күтім жасайтындықтан жұмыс істей алмайды. Блогер қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жарияланған өтемақының толық көлемде төленуі маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Анасы емге, отбасы қолдауға мұқтаж
Азамат Сәрсенбаевтың жазуынша, қайғылы оқиғадан бері оған қаза тапқан сарбаздардың жақындары өзіне хабарласқан. Олардың тұрмыс жағдайы әртүрлі: бірінің жағдайы салыстырмалы түрде жақсы болса, енді бірі баракта тұрады. Материалдық көмектен бас тартқан отбасылар да бар.
Блогер осы жолы Алмас Көбеновтің ата-анасының жағдайына назар аудартқан. Жазбада сарбаздың анасы Меруерт Дүйсенбаеваның ішек қатерлі ісігінің екінші сатысына шалдыққаны айтылған. Әкесі Жүсіп Оразалиев жұбайының жанында болып, күнделікті күтім жасайды.
«Үлкен ұлы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жүйесінде жұмыс істейді. Ортаншы ұлы Ақтөбе облысына жұмыс істеуге кеткен, бірақ оны үйге қайтарып, Маңғыстаудан жұмыс тауып бергісі келеді. Ата-анасының айтуынша, билік тарапынан сарбазды жерлеу шығындарын өтеуге материалдық көмек көрсетілген. Қазір қаза тапқандардың отбасыларына Президент жариялаған ақшалай өтемақының толық көлемде төленуі бәріміз үшін маңызды, бұл, ең болмағанда, осы отбасыға қолдау болар еді. Отбасының қаражат жинауға арналған нақты деректемелері жоқ. Өкінішке қарай, несие төлемдерін кешіктіргендіктен, Kaspi және Halyk банктеріндегі барлық шоттары бұғатталған. Менің жеке ұстанымым: дәл осы отбасы үшін жасай алатын ең үлкен көмегіміз – жарияланған төлемдердің толық көлемде берілуіне қол жеткізу», – дейді Азамат Сәрсенбаев.
Блогер отбасының несие төлемдерін кешіктіруіне байланысты банк шоттары бұғатталғанын айтып, қаражат жинауға арналған деректемелер жарияламаған. Ол негізгі назарды бұған дейін жарияланған төлемдердің толық берілуіне аударған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Каспийдегі трагедия
24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейін құрбан болғандар саны одан да көбейді. Осы оқиғадан кейін Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 25 күні таңертең соңғы екі әскери қызметкердің денесі табылды.
Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.