Алматыдағы соңғы қоңырау: автокортеж ұйымдастырғандар жазаланды
Автокөліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Алматы қаласында соңғы қоңырау мерекесіне арналған салтанатты іс-шаралар қарсаңында мектеп түлектері ұйымдастырылған автокортеж дерегі тоқтатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Алматы қаласының полиция департаментінің мәліметінше, бұған дейін мұндай шараларды өткізуге тыйым салынғаны жөнінде тұрғындарға бірнеше мәрте түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, мектеп түлектерінің бір тобы қала көшелерімен автокөліктер колоннасын ұйымдастырып, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған.
Қабылданған шаралар нәтижесінде кәмелетке толмаған 21 жасөспірімнің ата-анасы балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу деректері бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырды. Автокөліктер арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
«Алматы полициясы автокортеж ұйымдастыруға, әсіресе оған кәмелетке толмағандардың қатысуына жол берілмейтіні туралы алдын ала ескерткен болатын. Соған қарамастан кейбір азаматтар заң талаптарын елемеді. Осындай әрбір дерек бойынша полиция қағидатты түрде әрекет ететінін атап өткім келеді. Мерекелік көңіл-күй қоғамдық тәртіпті бұзуға және өзгенің қауіпсіздігіне қатер төндіруге себеп болмауы тиіс», – дейді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Полиция өкілдері соңғы қоңырау күні және одан кейінгі кезеңде қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілетінін еске салды. Әсіресе түлектердің қатысуымен болатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылмақ.
«Құрметті ата-аналар мен мектеп түлектері! Оқу жылының бітуіне байланысты мерекелік іс-шаралар кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Өз өміріңіз бен айналаңыздағы азаматтардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамай, тәртіп сақтауға шақырамыз. Әрбір ата-ана мен жүргізуші балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Жол – ортақ қауіпсіздік аймағы. Амандық бәрінен маңызды», – дейді Алматы қаласының Бостандық ауданындағы полиция басқармасының Батальон командирі, полиция майоры Ғабит Ибраемов.