$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Тергеу

Алматыда өзін полиция қызметкері деп таныстырып, 3 млн теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды

Алматыда өздерін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырып, тұрғынды қарумен қорқытқан төрт күдікті ұсталды. Полиция мәліметінше, олар жәбірленушіні қала сыртына алып кетіп, туысынан 3 млн теңге аудартқан, деп хабарлайды Tizgin.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Тұрғынды аңдып, қала сыртына алып кеткен

Оқиға 10 тамызда болған. ІІМ мәліметінше, алдын ала сөз байласқан бір топ адам жәбірленушіні аңдыған. Кейін өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырып, тапаншамен қорқыту арқылы оны көлікке отыруға мәжбүрлеген.

Күдіктілер тұрғынды қала сыртына алып кетіп, қысым көрсеткен. Оны туысына қоңырау шалуға мәжбүрлеп, ақша талап еткен. Нәтижесінде жәбірленушінің туысы күдіктілер көрсеткен нөмірге 3 млн теңге аударған.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері осы іске күдікпен бұрын сотталған төрт адамды ұстады. Олардың біреуі бұған дейін адам өлтіргені үшін жазасын өтеген.

Төртеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту кезінде екі мылтық, карабин, газ тапаншасы және оқ-дәрілер тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.

Ақтөбе облысында да ұқсас оқиға тіркелген

Ақтөбе облысында да осындай дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция бұрын сотталған жергілікті тұрғынды ұстады.

ІІМ мәліметінше, ол өзін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарға психологиялық қысым көрсеткен және ақша талап еткен.

Министрлік азаматтарды қырағы болуға, құқық қорғау органдарының атын жамылған адамдардың қорқытуы мен қысымына берілмеуге шақырды. Мұндай жағдайға тап болғанда дереу полицияға хабарласу қажет.

Back to top button