Алматыда ақылы автотұрақты қымбаттатқалы жатыр
Сағатына 200 теңге: Алматыда автотұрақ ақысын көтеру ұсынылды
Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифін көтеру ұсынылды. Жоба қабылданса, сұранысы жоғары учаскелерде көлік қою құны сағатына 200 теңгеге дейін өседі. Тарифті қайта қарау жөніндегі жоба қалалық мәслихат сессиясында таныстырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қай жерде қанша төлеу ұсынылады
Қазір коммуналдық автотұрақтарда көлік қоюдың бір сағаты 100 теңге тұрады. Бұл тариф 2016 жылдан бері өзгермеген.
Жоба бойынша төлем мөлшерін учаскедегі көлік жүктемесіне қарай белгілеу ұсынылып отыр:
- жүктемесі төмен жерлерде – сағатына 100 теңге;
- жүктемесі орташа жерлерде – сағатына 150 теңге;
- жүктемесі жоғары жерлерде – сағатына 200 теңге.
Осылайша, тариф барлық автотұрақта бірдей көтерілмейді. Қымбаттау көлік қоюға сұраныс көп, бос орын тапшы учаскелерге қатысты болмақ.
Жоба авторларының айтуынша, тарифті осылай бөлу бос орын іздеуге кететін уақытты қысқартып, автотұрақтардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Тұрғындарға тегін қою мүмкіндігі сақталады
Ақылы автотұрақ аймағындағы үйлердің тұрғындары арнайы рұқсат рәсімдеп, үйінің маңына көлігін тегін қоя алады. Жобада бұл мүмкіндікті сақтау көзделген. Сондай-ақ пайдаланушылардың жекелеген санаттарына берілетін жеңілдіктер де сақталады.
Әзірге тарифті өзгерту ұсыныс ретінде таныстырылды. Жаңа бағаның бекітілгені және қашан қолданысқа енетіні туралы берілген ақпаратта айтылмаған.