ЖаңалықтарОқиға

Алматы – Қорғас тасжолындағы апат: тағы бір адам көз жұмды

Алматы облысында болған ауыр жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны артты.

Haval және Audi 100 көліктерінің соқтығысуынан кейін ауруханаға жеткізілген зардап шеккендердің бірі ауыр жарақат салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

23 маусым күні Шелек ауылындағы Қағазбаев көшесі маңындағы Бетонка автожолында болған ірі жол апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы жаңа мәліметтер белгілі болды.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, апаттан кейін Шелек аудандық ауруханасына жеті адам медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер оларды тексеріп, қажетті ем-дом көрсеткен. Науқастардың бірі амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне жіберілген.

2025 жылы туған сәби жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін мамандандырылған ем алу үшін Облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылған.

Қазіргі уақытта үш зардап шегуші травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалауда. Тағы бір науқас жансақтау бөлімінде жатыр, оның жағдайы аса ауыр.

Дәрігерлердің хабарлауынша, ауруханаға жатқызылғандардың бірі алған ауыр жарақаттары салдарынан қайтыс болған.

Еске салсақ, жол апаты Алматы – Шелек – Қорғас тасжолының 132-шақырымында болған. Haval көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, Audi көлігіндегі жүргізуші мен екі жолаушы жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Haval жүргізушісі қамауға алынды. Тергеу органдары қарсы жолаққа шығу себептерін қоса алғанда, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаза тапқандардың арасында полиция қызметкерлері болуы мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Back to top button