TOP-2Оқиға

Алматы облысының тауларында адасып кеткен екі жасөспірім құтқарылды

Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Молодая Гвардия» шыңы маңында тауға серуендеуге шыққан екі жасөспірім адасып, кері қайтар жолды өздігінен таба алмай қалған. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Ведомство мәліметінше, жасөспірімдермен байланыс үзілген, ал олардың нақты орналасқан жерін геолокация арқылы анықтау мүмкін болмаған. Осыған байланысты іздеу-құтқару жұмыстарына ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары жұмылдырылды.

Құтқару операциясы түнде биік таулы жерде жүргізілді. Мамандар жасөспірімдердің болуы мүмкін барлық бағыттарды тексеріп, күрделі таулы соқпақтарды еңсерген.

Іздеу нәтижесінде екі жасөспірім биік таудағы көлдердің бірінің маңындағы үйшіктен табылды. Олардың жағдайын тексергеннен кейін құтқарушылар эвакуациялау жұмыстарын бастады.

Таудан түсіру кезінде жасөспірімдердің бірі кеуде тұсының ауырғанына шағымданған. Осыған байланысты кездесу орнына Апаттар медицинасы орталығының бригадасы шақырылды.

Құтқарушылар екі жасөспірімді аман-есен таудан түсіріп, әрі қарай медициналық тексеруден өткізу үшін дәрігерлерге тапсырды.

ТЖМ тұрғындарға тауға шығар алдында бағытты мұқият жоспарлап, ауа райы болжамын ескеруге, жақындарына баратын бағыты туралы алдын ала хабарлауға және байланыс құралдарын толық қуаттап алуға кеңес береді.

Back to top button