Алматы Астананы басып озып, ең қымбат қала атанды

Numbeo халықаралық платформасының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған жаңартылған рейтингіне сәйкес, Алматы Орталық Азиядағы өмір сүру құны ең жоғары қала болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Зерттеуге әлемнің 547 ірі қаласы енгізілген. Оның қорытындысы бойынша Алматы 409-орынға, ал Астана 469-орынға жайғасты.
Numbeo сарапшылары қалаларды бірнеше негізгі көрсеткіш бойынша бағалаған. Бағалаудың базалық өлшемі ретінде өмір сүру құнының индексі 100 балл деп белгіленген Нью-Йорк қаласы алынған.
Зерттеу нәтижесінде Алматының өмір сүру құнының индексі 38,7, тұрғын үйді жалға алу индексі 16,2 баллды құрады. Ал жалдау ақысын қоса есептегендегі жиынтық көрсеткіш 28,4 балл болды.
Ал Астанада бұл көрсеткіштер төменірек. Елорданың өмір сүру құнының индексі 32,8, тұрғын үйді жалға алу индексі 12,6, ал жалдау ақысын ескергендегі жиынтық индекс 23,6 баллға тең. Бұл Алматыда күнделікті шығындар мен баспана жалдау құнының Астанаға қарағанда жоғары екенін көрсетеді.
Орталық Азиядағы ең қымбат қалалар рейтингінде алғашқы екі орынды Қазақстанның қалалары – Алматы мен Астана иеленді. Ал алғашқы бестікке Ташкент, Бішкек және Душанбе қалалары да енген.
Әлемдік рейтингте көш басында дәстүрлі түрде Швейцария қалалары тұр. Биыл өмір сүру құны ең жоғары қала ретінде Цюрих танылып, оның индексі 123,1 баллды құрады. Ал үздік бестікке Джорджтаун (Кайман аралдары), сондай-ақ Швейцарияның Люцерн, Базель және Женева қалалары кірді.
Айта кетейік, Numbeo рейтингін жасау кезінде азық-түлік бағасы, кафе мен мейрамханалардағы қызмет құны, тұрғын үйді жалға алу бағасы және халықтың нақты сатып алу қабілеті сияқты көрсеткіштер ескерілген.