Аймағамбетов мектеп директорлары неден қорқатынын айтты
Мектепте оқушыларға телефон ұстауға тыйым салынды. Десе де мұғалімдер оқушылардың телефон тапсыруы мұң екеніне шағымданады. Осы ретте Tizgin.kz тілшісі осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың пікірін білді.
Оның айтуынша, бүгінде заң бойынша сабақ үстінде телефон пайдалануға тыйым салынған. Алайда енді бұл шектеуді үзіліс кезінде де енгізу ұсыныстары талқыланып жатыр.
«Мектепте сабақ үстінде телефон қолдануға тыйым салатын заң бар. Енді келесі қадам: тек сабақ үстінде емес, үзіліс кезінде, басқа да үйірмелер кезінде телефон ұстауға тыйым салу керек деген ұсыныс айтылып жатыр», – деді депутат.
Аймағамбетов мектепке келген оқушы смартфонын тапсырып, білім алу мен әлеуметтік қарым-қатынасқа толық көңіл бөлуі тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар депутат бұл бастаманы жүзеге асыруда күрделі мәселелер бар екенін айтты.
«Ең басты мәселе – телефонды жинап алғанмен, оны қалай сақтау керектігі. Ұялы телефон – біреудің мүлкі. Мектеп директорлары мен мұғалімдері қорқатын бір мәселе бар – оқушылардың жеке мүлкіне қатысты жауапкершілік. Оны сақтайтын шкаф мәселесі шешілді ме? Оның барлығы дайындық жұмыстары мен тиісті инфрақұрылыммен бірге үйлесуі керек. Мен директорлардың неге қиналып жатқанын түсінемін: телефонды жинап алу – басқа, оны іске асыру – басқа. «Қазіргі ұялы телефондар өте қымбат, жоғалып кетсе оны өндіріп беретін қаражат жоқ» деген уәж де айтылып жатыр. Оны түсінуге болады», – деді ол.
Аймағамбетовтың пікірінше, бұл мәселе тек мектеп деңгейінде емес, министрлік деңгейінде кешенді түрде қаралуы қажет.
Еске салсақ, ел мектептерінде биыл жаңа тәртіп күшіне енді. Енді оқушы сабақ кезінде смартфон ұстаса, ата-анасы жауап береді.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте Асхат Аймағамбетов білім беру шығындарын облыстық бюджеттен аудандық деңгейге қайтаруға ашық қарсы шықты.