Білім

Аймағамбетов білім бюджетін облыстан аудандарға қайтаруға ашық қарсы шықты

Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков білім беру шығындарын облыстық бюджеттен аудандық деңгейге қайтару процесі қандай сатыда екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ВИЦЕ-МИНИСТР НЕ АЙТТТЫ

Оның сөзінше, аталған саладағы бюджетті облыстық деңгейден қайтадан аудандық деңгейге қайтару туралы депутаттар ұсынған түзетулерге Үкімет толықтай қолдау білдіріп отыр. Осыған сәйкес білім саласының шығындары облыстақ бюджеттен аудандық бюджетке қайтару керек деген ұйғарым қалыптасқан.

– Соның ішінде балалардың жазғы демалысын ғана ұйымдастыру шығындары мен ыстық тамақпен қамтамасыз ету шығындары облыстық деңгейде қалады, – деді ол депутат сұрағына жауап бере отырып.

Бұдан бөлек, ол аталған түзету жаңа оқу жылында күшіне енуі мүмкін екенін айтады.

Екінші оқылымға дейін ол түзетулерді заң жобасына енгізіп үлгереміз. Ал жаңа оқу жылына дейін ол түзету күшіне ене ме деген мәселеге келсек, теориялық тұрғыда мүмкіндік бар. Бюджет заңнамасы бұған мүмкіндік береді. Ішіндегі өтемақы арқылы немесе басқа да тетіктер арқылы шығындарды облыстан аудандық деңгейге бағыттау болады, – деді вице-министр.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕДІ

Депутат Асхат Аймағамбетов бұл норманы қазіргі күйінде қабылдай салуға болмайтынын айтты.

Қазір Қазақстан мектептерінде 4 млн бала оқып жатыр. Олар осы жерде қандай заңдар қабылданып жатқанын білмейді. Олар бұл түзетулерге қарсы шыға алмайды. Бірақ олардың тағдыры мына заңға тікелей заңға байланысты. Проблема мектептерді қайтадан аудан әкімдеріне бағындыруда. Бұл 4 млн баланың болашағына қатысты шешім. Иә әкімдердің өкілдері бар, иә аудан әкімдерінің ықпалы мен күшін көріп отырмыз. Ол дұрыс та, даусын жақсы естіп жатырмыз. Ал енді осы 4 млн баланың атынан кім сөйлейді, – деген Аймағамбетов өзі Білім және ғылым министрі болып тұрғанда жасалған реформаны қайта бұзудың салдары қандай болатынын тізіп берді.

“МЕКТЕПТЕРДЕ ЗАҢДЫ ҚҰЖАТТАР БОЛМАДЫ”

Айтуынша, ол аудандық әкімдікте де, қалада да, облыстық әкімдікте де жұмыс істеп, білім басқармасын 4 жыл басқарды.

Сондықтан бұл саланы білемін. Мектептерді облыстық деңгейге бергенде біз не көрдік? Еліміздегі мектептердің жартысына жуығында заңды құжаттар, техникалық төлқұжаттар, жер актісі болмады. Тіпті жері жеке меншікке кетіп қалған жағдайлар болды. Балалар заң жүзінде жоқ ғимараттарда оқып келді. Аудандық басқару кезінде де 30 жыл дәл осылай болды. Бюджеттің 95 пайызы тек коммуналдық төлемдер мен жалақыға кететін. Дамуға – нөл деуге болады. Сатып алудан үнемделген кез келген тиынды аудан әкімдері көбінесе басқа салаға алатын. Мектептерге қаржы үнемдеу тиімсіз болды – бәрі бір оны тартып алатын, – деді ол.

Айтуынша, ескі басқару жүйесінде мектеп әрқашан басымдықтар тізімінің ең соңында тұратын.

Біз білім саласын осындай күйге қайтарғымыз келе ме, жоқ па? 2021 жылғы реформа не берді? Облыстық вертикаль жүйенің 30 жыл бойы көрмеген аудитіне айналды. Ондаған жылдар бойы жасырылып келген жемқорлық схемалары әшкерелене бастады. Ауданға қайтару осы жүйеге, осы күйге қайту дегенді білдіреді. Біз білім беру феодализмін жойдық, бюджетті теңестірдік, – деді ол.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Back to top button