TOP-2Жаңалықтар

Айдарбек Қожаназаров Respublica партиясының төрағасы болып қайта сайланды

Respublica партиясының кезектен тыс съезінде Айдарбек Қожаназаровтың партия төрағасы ретіндегі өкілеттігі ұзартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Съез барысында партия төрағасының кандидатурасын қолдау туралы ұсынысты Сырымбек Тау көтерді. Оның айтуынша, партия Қожаназаровтың атқарған жұмысына оң баға беріп, оны қызметінде қалдыру туралы ортақ шешім қабылдаған.

«Ешқандай теріс әрекет болған жоқ. Сондықтан біз партия төрағасын қолдап, оны осы қызметте қалдыруды жөн көрдік. Бұл – менің ұсынысым», – деді Сырымбек Тау.

Делегаттар ұсынысты бірауыздан қолдап, Айдарбек Қожаназаровтың төрағалық өкілеттігін ұзартуға дауыс берді.

Өз кезегінде Айдарбек Қожаназаров партияластарына сенім білдіргені үшін алғыс айтып, бұл шешімнің өзіне үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.

«Құрметті әріптестер, маған сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да осы сенімді ақтауды өзімнің басты міндетім деп санаймын», – деді ол.

Съез модераторы Қожаназаровтың партия құрылғаннан бергі кезеңде оңай жолдан өтпегенін атап өтті.

«Қазақта “Сөз бастау қиын ба, қол бастау қиын ба?” деген сөз бар. Айдарбек мырзаға екеуі де оңай болған жоқ. Себебі ол партияның алғашқы төрағасы болды. Екінші мерзіміңіз жемісті, табысты болсын», – деді модератор.

Айта кетейік, Айдарбек Қожаназаров Respublica партиясы құрылған күннен бері оның төрағасы қызметін атқарып келеді.

Back to top button