$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

АЭС қауіпсіздігі қалай бағаланады: Астанада бес күндік семинар өтіп жатыр

Астанада атом электр станциясын жобалау және оның қауіпсіздігін бағалау мәселелеріне арналған ұлттық семинар өтіп жатыр. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) іс-шарасы 5–9 қазан аралығын қамтиды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

АЭС жобасына қойылатын талаптар талқылануда

Семинар Қазақстанда АЭС жобасын іске асыруға дайындық мәселелеріне арналған.

Бес күндік бағдарлама станция жобасына қатысты негізгі ережелерді, жобалау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын және қауіпсіздікті бағалау бойынша практикалық сессияларды қамтиды.

Қатысушылар АЭХА-ның қауіпсіздік жөніндегі халықаралық тәсілдері мен стандарттарын талқылайды. Мақсат – АЭС жобасына қойылатын талаптар мен реттеуші органның станция қауіпсіздігін бағалау кезіндегі міндеттері туралы ортақ түсінік қалыптастыру.

Қазақстандық мамандар тәжірибе алмасады

Қазақстан тарапынан семинарға Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-нің, Ядролық физика институтының және Ұлттық ядролық орталықтың өкілдері қатысып жатыр. Сондай-ақ Atomic Industry Development Association (AIDA) қауымдастығының мамандары қатысып отыр.

Семинар кәсіби тәжірибе алмасуға және ядролық, радиациялық әрі ядролық физикалық қауіпсіздікті реттеу саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталған.

Back to top button