«Әділет» партиясы мені мүшелікке шақырса да бармас едім – Базарбек
Бақытжан Базарбек 3 жыл бойы Amanat партиясының «Жер аманаты» жобасын басқарып келеді.
Бүгін мәжіліс кулуарында Tizgin.kz тілшісі Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке «Әділет» партиясы мүшелікке шақырған-шақырмағаны туралы сұрады.
«Әділет» партиясы мені мүшелікке шақырған жоқ. Шақырса да – бармас едім. Мен 3 жыл бойы Amanat партиясының «Жер аманаты» деп аталатын үлкен жобасын басқарып келемін. «Жер аманаты» жобасы аясында осы жоба комиссияның төрағасының орынбасары ретінде Қазақстандағы мемлекеттік меншікке қайтарылған 14 миллион гектар жерге менің тікелей қатысым бар. 14 миллион гектар жердің көпшілігін «Жер аманаты» жобасының комиссиясы Жер ресурстарын басқару комитеті, Жер ресурстарын басқару департаментімен бірге тексерісті ашып, сотқа дейін жеткізіп, соттың шешімімен мемлекеттің меншігіне қайтарды. Осындай үлкен істі, шараларды ұйымдастырғаннан кейін сын сәтте бұл ұжымды қалай тастай аламын?», – дейді Бақытжан Базарбек.
Ол 2023 жылы сайланғаннан кейін 2026 жылға дейін тиісті заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларына Amanat партиясы толығымен қолдау көрсеткенін айтты.
«Pаңдағы барлық олқылықтарды, шикіліктерді өзгерту жолында Amanat партиясы мені толығымен қолдайды. Мен бұл аманатқа қиянат жасауға құқығым жоқ. Болашақта саяси жолымды Amanat партиясымен байланыстырамын. Менің ұстанымым – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытын ұстану, қолдау. Президентті қолдаушы депутаттардың бірі – мен. Жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құру жолындамын. Қаншама миллиардтаған ақша жымқырылып жатыр, қаншама сыбайлас жемқорлық орын алып жатыр, қаншама заңсыз активтер, заңсыз капиталдар Қазақстаннан шығарылып жатыр – осының бәрін тергеу, тексеру жолында мен Президенттің командасында боламын және құрылтайда сол саясатты ұстанамын», – дейді ол.
Ол билік партиясы Amanat емес, «Әділет» партиясы болуы мүмкін деген болжамға қатысты пікір айтты.
«Бұл – қана болжам. Amanat партиясының ойып алған орны, саяси платформасы, жобалары бар. Мысалы, «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы миллионнан астам азамат өзінің қарыздан құтылу жолын анықтады және құтылды. Ал «Ауыл аманаты» жобасында қаншама ауылға миллиардтаған қаражат көмек ретінде кетті. «Жер аманаты» комиссиясы 14 миллион гектер жерді мемлекеттің меншігіне қайтарды. Бұл – үлкен көмек. Бұл жерлер халықтың мал жаятын жерлері ретінде бекітеміз. Сол жерлерде халық еркін мал асырай алады. Ауылды өркендету жолында осындай үлкен қадам жасадық. Amanat партиясының ойып алған орнын ешкім жойып тастай алмайды. Жаңа саяси партия құрылды. Оның мақсаты – заң мен тәртіп, әділеттілікке қол жеткізу. Мемлекеттің позициясын ұстанатын бірне партия болса – одан не жамандық бар? Бұл әлемдік тәжірибеде бар нәрсе», – дейді Бақытжан Базарбек.
Посмотреть эту публикацию в Instagram