42,2 шақырым: 80 жастағы астаналық марафоншы Кейптаунды бағындырды
Халықаралық жарыс Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында ардагерлер арасында өткен.
Астаналық ардагер спортшы Салтанат Түйтебаев Кейптаун халықаралық марфонына қатысып, 42,2 шақырымды сәтті еңсерді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы 24KZ-ға сілтеме жасап.
Қазақстандық ардагер спортшы жарыста алған жарақатына қарамастан марафонды бағындырды.
«11-ші шақырымға жеткенде жарақат алдым. Марафонды жалғастыру мүмкін болмастай көрінді. Екі рет медициналық көмек алғаннан кейін, дәрігерлердің жарысты тоқтату туралы айтқанына қарамастан жарысты аяқтауға шешім қабылдадым. Мен соңғы болдым, бірақ мен оны орындадым. Өкінішке қарай, солай болып шықты. Келесі жылы Жапонияда өтетін ардагерлер Олимпиадасында жеңістің орнын толтырамын», – дейді марафоншы.
Еске сала кетейік, 2025 жылы Салтанат Түйтебаев 80–89 жас санатында Нью-Йорк марафонының чемпионы атанып, қашықтықты 4 сағат 45 минутта жүгіріп өткен болатын. Ал 2021 жылы ол 75–79 жас санатында күміс жүлдеге ие болған.