ЖаңалықтарПікір

35 млн. теңгелік көлік: Нөсерден кейін көлігі суға батқан астаналық өтемақы талап етті

Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді.

Астана тұрғыны 23 шілдеде жауған нөсерден кейін көлігі суға батып, қалпына келтіруге жарамсыз болып қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, келген шығын шамамен 35 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Астана тұрғыны су ағызу жүйесіне шағымданды

«Өмірде ештеңені болжап біле алмайсың. Бүгін Парижде серуендеп жүресің, ал ертеңінде Астанада өз көлігіңмен суға батасың. Бұл 23 шілде күні болған оқиға. Менің көлігім жаңбыр суы жайылып кеткен жерде болып қалды. Кім не айтса да, бұл – төтенше жағдай емес. Су ағызу  жүйесі дұрыс істемейді. Көлігіміз суда жүзіп жүрді. Жолдасым екеуміз қорқып кеттік. Көлігіміз жөндеуге жарамсыз», – деді Астана қаласының тұрғыны Анар Долдырина.

Президент әкімшілігіне және әкімдікке арыз жазды

Ол кінәлілерді анықтау мақсатында коммуналдық қызметтердің жұмысын тексеруді талап етіп, Астана қаласының әкімдігіне және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүгінген.

«Бізді судан төтенше жағдай қызметкерлері алып шықты. Қолыңнан ештеңе келмей қарап отырған кезімізді елестету қорқынышты. Мен Президент әкімшілігіне, қала әкімдігіне арыз жаздым», – деді ол.

Әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді

Осы оқиғаға қатысты әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір жазды.

«Бұл жерде жыл сайын жаңбыр жауған сайын осылай су басады. Ондай жермен жүрген көлік иелерінің өздері кінәлі»,

«Қалай көлік иесін кінәлауға болады? Дәл осы мәселе 10 жыл бойы бар. Жылда осылай қайталанады. Осы мәселеге жауапты мекемелер бар болса – жауап беруі керек», – деген пікірлдер жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Әкімдік: өтемақы автоматты түрде төленбейді

Әкімдік мәліметінше, өтемақы автоматты түрде төленбейді. Алдымен оқиғаға жауапты тұлғалар анықталуы тиіс. Егер тараптар өзара келісімге келе алмаса, мәселе сот тәртібімен қаралады.

 

 

Back to top button