$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
TOP-1Қоғам

Билікте қалмасам да, халқымның жүрегінде қалыппын – Базарбек жүрекжарды жазба жариялады

Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзі тап болған жол-көлік оқиғасынан соң аман қалған Нұржігітпен фото жариялап, ішкі сырын бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Базарбек көзін ашқалы Нұржігітпен керемет дос болмаса да, палатаға келіп кірсе, «Амансыз ба, аға?» деп күлімсіреп қарсы алатынын айтады. Арасында жолдасы Құралайға Нұржігіт: «Ана Бақытжан аға мұнда не істеп жүр, маған келіп? Бұл үлкен депутат кісі емес пе? TikTok, Instagram-да роликтерін көруші едік қой» деп қояды екен.

”Осылайша, Алланың басыма түскен бір үлкен сынағы мені Нұржігітпен және оның жақын туған-туыстарымен, менің жақындарымды Нұржігіттің жақындарымен жақындастырып, бір бауыр отбасыға айналдырды. Өмірдің өзі қызық екен. Үш ай бұрын мен Үкіметтен, министрлерден бюджеттің миллиардтары қайда кеткенін, сот орындаушылары мен банктердің былықтарын әшкерелеп, аузыма түкірікті шашып тұрып, Мәжілістің мінберінде бой көрсетсем, қазір бір жаз өтіп, Нұржігіттің өмірі үшін Құланның емханасынан, Тараздың ауруханасынан көз ашпаймын. Ол да — өмірдің бір белесі, бір сынағы. Оған төзімді бола білу керек”, – дейді ол.

Жалпы, Нұржігітпен болған жол-көлік оқиғасынан кейін көп құбылысқа экс-депутаттың көзқарасы өзгерген.

”Біріншіден, аға-бауыр, жақын туысқан туралы. Аға-бауыр, жақын туыстарыңыз Нұржігіттің туыстарындай болсын. Ондай туыстарыңыз болса, бақыттысыз. ДТП-дан кейін күндіз де, түнде де, таңға дейін Құлан емханасының сыртында Нұржігіттің бауырлары Арман, Айдос, Салтанат, Дархан, жақын аға-бауырлары мен достары келіп тұрды. Барлығының түсінігі керемет. Ешкімнің кінәсі емес, бұл жазым екенін түсініп, қайта «Бәке, сіз қатты қайғыға түспеңіз. Еңсеңізді көтеріңіз. Нұржігіт аяққа тұрады. Сіз халыққа, елге керексіз», — деп жұбатып отырды.

Құлан ауылының емханасының алдында азаннан кешке дейін сарғайып, хабар күтіп, шаршап отырғанда Нұржігіттің бауырлары арқаңнан қағып, ризашылығын білдіріп тұрғаны өзіңе күш береді екен. Нұржігіттің басты бақыты — оның бауырлары мен жақын туған-туыстары”, – дейді ол.

Бақытжан Базарбек сын сағатта кімнің кім екендігі анық болатынын айтты.

“Менің 20–25 жыл бойы отбасымызбен, бауырдай араласқан достарым, бірге оқыған құрбыларым 25 күн ішінде жағдайымды сұрауға бір минут уақыт таппай қалғаны таң қалдырады. Қайта, араласпайтын, алыстан ғана араласатын құрбыларым, інілерім Шымкенттен, Түркістаннан, Алматыдан, Астанадан ұшып келіп, Құланға жетіп, жағдайымды біліп отырды.

Мысалы,достарым Камбар Омаров пен олимпиада чемпионы Ислам Байрамуков Нұржігіт үшін Құланға Астанадан, ал Бекболат Қаржан Түркістаннан, Сержан Әділбаев бауырым Шымкенттен келгеніне риза болдым. Әріптесім Гульдара Нурымованың Құланға, Таразға келіп жүргенін ұмытпаймын!

Сондықтан да мансабың болса, досың көп, мансаптан айырылсаң, олардың да қатары сирейтініне көзім жетті”, – дейді Базарбек.

Бақытжан Базарбек өмірлік достары барын, олардың шынайы достығына еш күмәні жоқтығын білдірді. Олар — қиын сынақтан шыңдалған шынайы достықтың иелері деді. Мысалы, Құланға анасының достары да келіп, жағдайын біліп тұрған. Сондықтан «досымын» деген адамдарды қуанышты сәттермен ғана тексермеңіздер. Осындай сынақты сәтте сынаңыздар, шыдағаны ғана — досқа жарайды дейді ол.

“Мәжілістің төрінде денсаулық сақтау саласындағы біраз былықтың бетін әріптесім Мұрат Әбеновпен бірге ашып көрсеттік. Нұржігіттің жиырма күн бойы комада жатуы бізге көп нәрсені көрсетті. Әсіресе ақ халатты абзал жандардың еңбегін бұрынғыдан да терең түсіндік. Біз түнде емхананың сыртында уайымдап тұрсақ, дәрігерлер сол түні ИВЛ аппаратының жанында отырды. Өз отбасын, бала-шағасын қалдырып, күні-түні науқастың өмірі үшін күресті.

Құландағы дәрігерлер мен медбикелер Нұржігіттің жағдайын тәулік бойы бақылауда ұстады. Ал облыс орталығынан білікті реаниматологтар — Мусаев Ғамзаттың түлектері Досымжан мен Ернар — күн сайын Құланға келіп, емдеу барысын, ИВЛ аппаратын бақылап отырды. Тараз бен Құланның арасы шамамен 120–130 шақырым. Бұл жолды күн сайын, кейде түнде жүріп өту де оңай емес. Соған қарамастан, олар жиырма күн бойы Нұржігіт үшін қолдан келгеннің бәрін жасады”, – дейді Бақытжан Базарбек.

Ал медбикелердің еңбегі — тіпті бөлек әңгіме. Олар дәрігерлерге көмектесіп қана қоймай, науқастың жанында тәулік бойы болып, әрбір өзгерісті бақылап отырған. Сондықтан дәрігерлер мен медбикелердің еңбегін ол жоғары бағалауымыз керек деп ойлайтынын жазды. Олардың жалақысын көтеру, әлеуметтік жағдайын жақсарту, кәсіби мәртебесін көтеру — мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болуы тиіс.

“Мен бұл мәселеге заңнамалық тұрғыдан да назар аудару қажет деп есептеймін. Дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейтуіміз керек. Өйткені біз олардың еңбегін көбіне ауруханаға түскенде ғана түсінеміз”, – дейді ол.

Базарбек медицина саласының мамандары туралы да сөз қозғады.

”ДТП-ға дейін де өзіміздің медицина мамандарымыздың біліктілігін жоғары бағалайтынмын. Бірақ Нұржігітпен болған осы ауыр жағдайдан кейін олардың кәсіби деңгейінің қаншалықты жоғары екеніне шын мәнінде көзім жетті. Құландағы аудандық аурухананың бас дәрігері Бекебаева Айман Кенжебекқызы, оның орынбасары Тимур Найманбаев, травматолог Рыскельдиев Бақытжан бастаған дәрігерлер Нұржігіттің өмірі үшін алғашқы күннен бастап жан аямай күресті. Ауылдық деңгейде жұмыс істейтін бұл мамандардың кәсібилігі республикалық деңгейдегі үздік дәрігерлерден еш кем емес деп есептеймін. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназароваға да ерекше алғысымды білдіремін.

Мен министрге өтініш айтқан кезде, ол сөзімді жерге тастаған жоқ. Қазақстан бойынша қаншама ауыр науқас бар екеніне қарамастан, Нұржігіттің жағдайын жеке бақылауына алып, күн сайын ақпарат алып отырды. Менің өтінішім бойынша Қазақстанның бас реаниматологы Бақыт Қалжасұлы Жарқынбековті Құланға жіберді. Бұл — министрдің адам тағдырына деген жауапкершілігінің нақты көрінісі. Министрдің орынбасары Тимур Слямжанұлы Сұлтанғазиев те Нұржігіттің Құланнан Таразға ауыстырылуын, емдеу хаттамаларының орындалуын жеке бақылауында ұстады. Ал Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері — Мырзақасымов Хамит, Ордабеков Ербол, Гамзат Әфендиұлы Мұсаев, Джурабаев Досымжан, Еділбаев Ернар және басқа да мамандар — Нұржігіт үшін үлкен кәсіби шеберлік пен азаматтық жауапкершілік танытты. Әсіресе 24 жылдан бері реанимация бөлімін басқарып келе жатқан Гамзат Әфендиұлы сияқты дәрігерлер — біздің медицинадағы үлкен мақтанышымыз. Біз кейде күрделі ем үшін Израильге, Оңтүстік Кореяға, Германияға ұмтыламыз. Әрине, шетелдік медицинаның тәжірибесі қажет.

Бірақ осы жағдайдан кейін мен бір нәрсеге анық көз жеткіздім: Қазақстанда әлемдік деңгейдегі, ешкімнен кем емес дәрігерлер бар”, – дейді экс-депутат.

Бақытжан Базарбек билікке ешқандай өкпесі жоқтығын айтты. Керісінше, осы жолғы ауыр сынақ кезінде мемлекеттік биліктің қолдауын жан-жақты сезінген. 15 тамыздан, Нұржігіт комаға түскен алғашқы күннен бастап Президент Әкімшілігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, прокуратура органдары, «Әділет» партиясының басшылығы, бұрынғы әріптестерім, жаңа Құрылтай депутаттарының бірқатары жағдайын сұрап, тікелей байланыста болған. «Бәке, қандай көмек қажет?», «Немен көмектесейік?», «Қандай қолдау көрсете аламыз?» деген сөздерді талай азаматтан естіген. Жамбыл облысының әкімі де өзімен тұрақты байланыста болып, қажетті көмекті ұйымдастыруға дайын екенін білдіріп отырған. Осының бәрі өзі үшін үлкен қолдау болған.

”Бір жағынан, бұл — мен үшін үлкен абырой. Екінші жағынан, бұл — билік пен қоғам арасындағы адамдық байланыстың бар екенін көрсететін жағдай деп ойлаймын. Мен бұрын мемлекеттік қызметте, Парламентте жүрген кезде елдің мәселесін көтердім. Бүгін өзім қиын жағдайға тап болғанда, мемлекет тарапынан осындай қолдауды сезіну — мен үшін өте маңызды. Сондықтан осы сынақ кезінде жанымыздан табылған барлық азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. Бұл жерде мен ешкімді мақтау үшін емес, өзім көрген шындықты айтып отырмын”, – дейді экс-депутат.

Базарбек халқының қолдауы ең үлкен күші екенін мәлім етті. Нұржігіттің жағдайына байланысты алғашқы күндері тергеу жүріп жатқандықтан, көп ақпарат бере алмаған. Ол кезде өзі үшін ең бастысы — Нұржігіттің денсаулығы және тергеуге кедергі келтірмей, қажетті ақпаратты ғана халыққа жеткізу болған. Бірақ сол кезеңде халқының уайымын жүрегімен сезінген. Әлеуметтік желідегі әрбір жазбасын жүздеген мың адам көрді. Кейбір жарияланымдарымның қаралымы 300–400 мыңға, тіпті жарты миллионға дейін жетті.

“Бұл жай ғана қаралым емес. Бұл — халқымның бейжай қарамағанының белгісі. Адамдар Нұржігіттің амандығын күтті. Оның оянып, есін жиғанын тіледі. Комментарийлерде жүздеген адам күн сайын жаңалық күтетінін, отбасымен бірге уайымдап, Алладан Нұржігіттің амандығын сұрап жүргенін жазды. Құланда да, Таразда да қайда барсам да, таныс та, бейтаныс та адамдар жаныма келіп: «Бәке, Нұржігіт аман болсын. Біз де отбасымызбен уайымдап отырмыз», — деп айтып жатты. Осының бәрі маған үлкен рухани күш берді. Менің еңсемнің түспеуіне, осы ауыр сынақта психологиялық тұрғыдан мықты болуға себеп болған ең үлкен күштің бірі — халқымның қолдауы. Осы үш жарым жыл бойы атқарған еңбегімді халықтың бағалағанын дәл осы қиын сәтте ерекше сезіндім. Бүгін бір нәрсені анық түсіндім: Билікте қалмасам да, халқымның жүрегінде қалдым. Қолымда мансап болмаса да, халқымның құрметі мен сенімі бар. Мен үшін бұдан асқан абырой жоқ. Адамның қуанышына халық бірге қуанып, қайғысына бірге алаңдаса — бұл оның халық алдындағы ең үлкен бағасы деп ойлаймын. Сондықтан осы сынақтан абыроймен өтуіме себеп болған барлық азаматтарға, Нұржігіт үшін дұға жасаған, алаңдаған, қолдау білдірген әрбір адамға басымды иіп, шын жүректен алғыс айтамын”, – деді ол.

Нұржігіттің оянып, есін жиғаны — өзінің отбасы мен жақындары үшін үлкен психологиялық әрі эмоциялық жеңіс болған. Сол сәт әлі күнге дейін көз алдында.

“Нұржігіт оянған кезде оның жанында болған Гамзат Афендиевич оған бірнеше сұрақ қойыпты:

— Нұржігіт, қалайсың?
— Жақсымын.
— Қай жерің ауырады?
— Қолым мен басым ауырып тұр.
— Бәрі жақсы ма?
— Бәрі жақсы.

Нұржігіттің есін жиып, сұрақтарға дұрыс жауап бергеніне көз жеткізген Гамзат Афендиевич бірінші болып маған телефон соқты.

«Бәке, сүйінші! Нұржігіт оянды!» — деді. Ол кезде мен әйелім Адельмен бірге таксиде келе жатқанмын. Бұл сөзді естіген сәтте өзімді ұстай алмадым. Көзімнен жас парлап, жылап жібердім. Адель де жылап отырды. Таксист жол жиегіне тоқтап, бізді құшақтап: «Аға, бәрі жақсы болады», — деді. Ол сәтті сөзбен жеткізу өте қиын. Сол кезде Нұржігіттің ағасы Арманға бұл жаңалықты бірінші болып жеткізгім келді. Өйткені осы жиырма күн ішінде Нұржігіт біздің отбасымыздың бір бөлігіне айналып кеткен еді. Мен өмірімде түрлі қиындықтарды көрдім. Мәжілісте үш жарым жыл жұмыс істедім, талай күрделі мәселенің ортасында болдым. Бірақ дәл осы сәттегідей эмоцияны бұрын-соңды сезініп көрмеппін. Нұржігіттің оянуы — біз үшін жай ғана жақсы жаңалық емес. Бұл — жиырма күн бойы жиналған қорқыныштың, уайымның, үміттің бір сәтте үлкен қуанышқа айналған күні болды. Сол себепті Нұржігіттің оянуы — осы сынақтың ең маңызды бетбұрыстарының бірі болды деп есептеймін.  Аллаға шүкір!” – дейді Базарбек.

Бақытжан Базарбектің ісі жайлы

Еске салсақ, бұған дейні Жамбыл облысында бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғаны хабарланған еді. Жол апаты Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылының маңында болған. Бұған дейін осы жол учаскесінде көлік малды қағып, жануардың өлексесі жол үстінде қалып қойған. Бір ер адам оны жолдан алып тастау үшін көліктен түскен. Сол сәтте оны Бақытжан Базарбек басқарған Toyota көлігі қағып кеткені айтылады.

Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол тергеу жүріп жатқандықтан оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайтынын жеткізіп, көпшілікті асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Back to top button