TOP-2Жаңалықтар

«Бірнеше күннен бері ұйықтамадық»: Бақытжан Базарбек жол апатынан кейін пікір білдірді

Экс-депутат Бақытжан Базарбек өзінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол тергеу жүріп жатқандықтан оқиғаның мән-жайын ашып айта алмайтынын жеткізіп, көпшілікті асығыс қорытынды жасамауға шақырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Тергеу барлық мән-жайға әділ баға береді деп сенемін»

Базарбектің айтуынша, жол апатына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Осыған байланысты ол да, жұбайы да тергеу деректерін жария етпеу туралы қолхат берген.

«Менің қатысуыммен болған жол-көлік оқиғасына қатысты көптеген болжамдар мен түрлі әңгімелерге жауап бере алмаймын және көп нәрсені жазуға да мүмкіндігім жоқ. Қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мен және жұбайым сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат бердік», – деп жазды Базарбек.

Оның сөзінше, қазір тергеу амалдары жалғасып, қажетті сараптамалардың қорытындысы күтіліп отыр.

«Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін», – деді ол.

Базарбек әлеуметтік желілерде жол апатына қатысты түрлі болжам мен алып-қашпа әңгіме тарап жатқанын да атап өтті. Ол жұртты ресми тергеу аяқталмай тұрып тұжырым жасамауға шақырды.

«Оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз»

Экс-депутат қазір өзі үшін ең маңыздысы жол апатынан зардап шеккен азаматқа және оның отбасына қолдау көрсету екенін айтты.

«Қазір мен үшін ең бастысы — зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз», – деп жазды Базарбек.

Сондай-ақ Бақытжан Базарбек зардап шеккен азаматқа шұғыл медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғыс білдірді.

Back to top button