144 млрд теңге жымқырды деп сотталған Жомарт Ертаев алты жылдан соң түрмеден шықты
Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқыру ісі бойынша сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың бостандыққа шыққаны туралы ақпарат тарады. Журналист Михаил Козачков оның жаза мерзімі аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Михаил Козачков 16 қыркүйекте Telegram-арнасында Ертаевтың қамау мерзімі аяқталғанын жазды.
«Бұрынғы банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шығып жатыр – бүгін оның қамау мерзімі аяқталды», – деп хабарлады журналист.
Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен Tizgin.kz осы ақпарат жайлы түсініктеме сұраған. Материал жарияланғанша жауап келген жоқ.
Ертаевтың босатылатыны туралы бұған дейін де хабар тараған. 2025 жылы 3 қыркүйекте оны бостандыққа шығару жөнінде шешім қабылданғаны айтылып, кейін түрмеден шыққаны туралы ақпарат жарияланды. Алайда сол жылғы 1 қазанда Мәжіліс депутаты Абзал Құспан банкирді босату туралы шешімнің күші жойылғанын мәлімдеді. 2 қазанда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Ертаевтың қамауда отырғанын хабарлады.
Жомарт Ертаев не үшін сотталды
2020 жылы 16 қарашада сот Жомарт Ертаевты Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге мүлкін тәркілеу және 10 жыл бойы банк қызметімен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы іс бойынша кәсіпкер Бақыт Ибрагим де мүлкі тәркіленіп, сегіз жылға сотталды.
2021 жылы 14 мамырда Ертаевтың, Ибрагимнің және іс бойынша бірқатар өзге сотталған адамның жазасы жеңілдетілді. Дегенмен Ертаев пен Ибрагим қамауда қалды.
2022 жылғы 17 маусымда Ертаевтың тағы бір қылмыстық іске қатысы бар деген ақпарат жарияланған еді.