1 сәуірге дейінгі мораторий: тарифтер тежелсе де, қымбатшылық тоқтамаған
Ұлттық статистика комитеті наурыз айында бағалар қалай құбылғанын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЖАНАРМАЙ ДА ҚЫМБАТТАҒАН
1 сәуірде коммуналдық тарифтердің бағасын өзгертуге қарсы жарияланған мораторидің мерзімі бітті. Ресми статистиканың мәліметі осы тұрғыдан алғанда қызықты.
2026 жылғы наурызда бағалар 2025 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда бірқатар бағытта өскен. Әсіресе, азық-түлік сегментінде айқын өсім байқалады. Сүт өнімдері 5,9%, ет 8,5%, өсімдік майы шамамен 3-4% қымбаттаған. Қант өнімдері 3-4%, кофе 5,5% өскен. Бұл халықтың күнделікті тұтыну қоржынына жұмсайтын шығындары артқанын көрсетеді
Энергия мен жанармай да қымбаттаған. Бензин бағасы 7,1%, сұйытылған газ 13,4% өскен. Бұл тасымал шығындарын арттырып, басқа тауарлар бағасына жанама қысым түсіреді.
ТАҒЫ ҚАЙ САЛАДА БАҒА ӨСІМІ БАР
Құрылыс секторында да өсім бар. Құрылыс бағасының жалпы индексі +3,2%. Құрылыс-монтаж жұмыстары 3,3%, цемент 5,0% қымбаттаған. Бұл – тұрғын үй мен жөндеу құнына әсер ететін фактордың бірі.
Дей тұрғанмен, жекелеген тауарлардың бағасы төмендеген. Мысалы, мұнай өңдеу өнімдері 5,8%, пластмасса бұйымдары шамамен 15% арзандаған. Бірақ олардың халықтың күнделікті шығынындағы үлесі соншалық елеулі емес.
Түйіндесек, 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда негізгі баға өсімі халық күн сайын тұтынатын тауарлар мен қызметтерде тіркеліп отыр. Яғни, тарифтерге мораторий сақталған кезеңнің өзінде баға қысымы әлсіремеген.
МӘН-ЖАЙЫ
Айта кетейік, журналистер бүгін энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтан мораторий біткеннен кейін коммуналдық тарифтер қашан және қаншаға өсетінін сұраған болатын. Сонда вице-министр компаниялар бағаны бірден көтере алмайтынын айтты. Сөзінше, табиғи монополия комитетіне қазір олар қаншаға өсіретінін өтініш ретінде жолдаған. Өтініштері қаралып жатыр.
«Екіншіден, әр өңірде өзінің аумақтық департаменті бар. Электр энергия мен су тарапының тарифін өсіру жайлы өтінімнің бірін кеш, бірін ерте беруі мүмкін. Сондықтан, әр өңірде тарифтің өзгеруін тыңдаулар өтпей, ондай болмайды», – деді ол.
Есімханов «тарифтер өсуі мүмкін» екенін ашық айтып жатқандарын да жасырмады.
«Өйткені инфляция бар. Тиісті құралдар қымбаттайды. Ол жердегі мекемелерде жерлестеріміз жұмыс істейді. Жалақыларын көтеруіміз керек. Сондықтан, ол мәселелер объективті түрде қаралып, тиісті себептер болғанда өсуі мүмкін», – деген еді ол.