TOP-2Жаңалықтар

«Ұрсаң да кінәлісің, ұрмасаң да кінәлісің»: Сәпиев экс-орынбасарымен төбелесті есіне алды

Даңқты боксшы, туризм және спорт министрінің кеңесшісі Серік Сәпиев Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған кезде орынбасары болған Дәурен Есімхановпен не үшін жаға жыртысқанын айтты. Бұл туралы Лаура Буембаеваға берген сұхбатында боксшы оқиғаны қысқаша есіне алған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Бұл жөнінде пікір айтқаным дұрыс па, бұрыс па білмеймін. Ол заңсыз әрекеттерге жол берді. Мен оның жолын кескім келді. Мынадай жағдай туындап тұр: ұрсаң кінәлісің, ұрмасаң тағы кінәлісің. Мұндайда қалай әрекет ету керек? Мен екінші нұсқаны таңдадым”, – дейді ол.

Серік Сәпиев осы оқиғадан кейін қызметінен кетуді жөн деп шешкенін айтты.

Сәпиевті орынбасары ұрғанын жыл басында БАҚ жарыса жазған еді. Тараған видеоларда ол сол кездері орынбасарымен төбелескені көрінеді.

Қарағанды облысының полиция департаменті Tizgin.kz порталына сол тұста Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған. Сол күні кешке Сәпиев әлеуметтік желідегі төбелес жайлы шудан кейін үн қатып, арандатушыларға ермейтінін мәлімдеді. Артынша «облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым» деген.

Өз кезегінде Дәурен Есімханов әлеуметтік желіде шағын жазба қалдырып, БАҚ пен желідегі мәліметтер «өтірік» екенін жеткізді.

Back to top button