Оқиға

Ұлдана Мырзуанның неден қайтыс болғаны белгілі болды

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жарияланды. Сарапшылар марқұмның өліміне ашық бассүйек-ми жарақаты себеп болғанын анықтаған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өлімге не себеп болған

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов сот-медициналық сараптаманың қорытындысын жариялады.

Сарапшылардың тұжырымына сәйкес, Ұлдана Мырзуан ашық бассүйек-ми жарақатынан қайтыс болған. Жарақат бассүйек сүйектерінің сынуымен, қан құйылуымен және мидың соғылуымен қатар жүрген.

Сот-медициналық зерттеу кезінде мамандар марқұмның сол жақ төбе тұсынан соғылып-жыртылған жараларды, екі көз ұясының айналасынан гематомаларды және екі көз ұясы қабырғаларының сынғанын анықтаған.

Сондай-ақ сол жақ жоғарғы жақ қуысының алдыңғы-медиалдық қабырғасы мен екі жақ бетсүйек доғалары сынып, сүйек сынықтары ығысқаны тіркелген.

Басқа да анықталған жарақаттар

Сараптама қорытындысында Ұлдана Мырзуанның бассүйегінде маңдай, төбе және самай тұстары арқылы өтетін сызықтық сынық болғаны көрсетілген.

Бұдан бөлек, мамандар субдуралды, эпидуралды және субарахноидалды гематомаларды анықтаған.

Жарақат салдарынан ми қатты ісініп, ми бағанының құрылымдары үлкен шүйде тесігіне қарай ығысқан.

Сарапшылар анықталған жарақаттардың барлығын денсаулыққа келтірілген ауыр зиян санатына жатқызған.

Сот-медицина сарапшылары Ұлдана Мырзуан алған бассүйек-ми жарақаты оның өліміне себеп болған деген қорытындыға келген.

Қазір Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін қайғылы оқиға болған тұрғын үйдің техникалық жағдайына жасалған сараптама қорытындысы жарияланды. 

Back to top button