Үкімет Президент жүктеген міндеттерді жүйелі түрде шешу үшін барлық қажетті шараны қабылдайды – Олжас Бектенов
Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралған Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Халықтық құрылыс» қандай өзгерістерге жол ашады
Бектеновтің айтуынша, бағдарлама экономиканың барлық саласындағы инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға негіз болады. Үкімет басшысы жобаның маңызын халықты жұмыспен қамту және тұрмыс сапасын жақсарту міндеттерімен байланыстырды.
«Президент жариялаған ауқымды “Халықтық құрылыс” бағдарламасы экономиканың барлық саласындағы түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға жол ашады. Жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Президент айқындаған басты мақсат – Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құру екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл мақсатқа жету үшін елдің әлеуеті мен заманауи инновациялар ұсынатын мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет.
Жолдауды іске асыру үшін нақты жоспар әзірленуі керек
Бектенов Жолдауды алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат деп бағалады. Ол құжатта белгіленген міндеттерді орындау үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет екенін айтты.
Үкімет отырысында мемлекеттік органдардың басшылары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша баяндама жасады.