Үй сыйлап, ауылды жарықтандырды: Жамбылдық түлектер игі істі қолға алды
Игі істер Бәйдібек, Бірлік, Бірлікүстем және Ақсу ауылдарында да жалғасын тапты.

Ақтөбе ауылдық округіндегі Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 20 жылдық түлектері ауылдағы көпбалалы отбасына баспана кілтін табыстады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
1988 жылы туған азаматтар мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай өткен мерекелік шарада ауыл тұрғыны – Ғалымжан Жарылқасыновтың отбасына үй сыйлады.
Жамбыл көшесінен берілген үйге ауыл ақсақалы мен имамы, түлектер мен тілеулес жандар бірге барып, қызыл лентаны қиды. Құрбан айт қарсаңында қуанышқа бөленген жанұя төрт баланы тәрбиелеп отыр. Отанасы Нәзира баспаналы болуға себепкер жандарға алғысын білдірді. Ауласы кең, бөлмесі көп баспана – 20 жылдықты атап өтудің төресі болды.
Қоныс тойдан кейінгі қуаныш Қорағаты ауылдық округінде жалғасын тапты. Мойынқұм орта мектебінің 20 жылдық түлектері ауылдың кіреберісіне арка орнатып, оған дейінгі 600 метр жолды жарықтандырып берді. Аталмыш игі іске ауыл жастарының да ортақ болғанын айта кеткен жөн. Ауылдың ажарына сән қосқан бұл шаруаларға тұрғындар ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты сәтке осы мектепті 60 жыл бұрын бітірген түлек, Жамбыл облысы мен Шу ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Қасымхан Естемесов, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, ауыл тұрғындары мен 2006 жылғы түлектер қатысты. Ақ бата беріліп, қақпа алдында қызыл лента қиылып, әжелердің шашуы шашылды.
«Бүгін ауылымызда айтарлықтай іс болды. Ауылдың 1988 жылғы азаматтары бас қосып, бірлік танытуының арқасында ауылдың кіреберісіне арка салынып, 600 метр жол самаладай жарық болды. Осы үшін түлектерге ерекше алғыс білдіремін. Туған жерге ту тіге білген азаматтарда қасиет бар. Тағы бір айта кетерлігі, түлектердің мұндай ауқымды тартуы ауылымызда тұңғыш рет жүзеге асып отыр», – дейді округ әкімі Әділ Асқарханұлы.
1988 жылы туған азаматтардың ауылға жасаған сыйы мұнымен шектелмеді. Көз қуантатын игі істер Бәйдібек, Бірлік, Бірлікүстем және Ақсу ауылдарында да жалғасын тапты. Бірі ауылына аллея салса, енді бірі құтты төбе мен ауылдың төлқұжатын орнатты, ал тағы бірі кіреберіс қақпа салып, азаматтық мінез танытты.