Жаңалықтар

Түркия Нетаньяхуға Интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияламақ

Түркия Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды халықаралық іздеуге беру үшін Интерполдың «қызыл хабарламасын» шығаруды сұрамақ. Анкараның бұл қадамы Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізбек болған Global Sumud флотилиясының халықаралық су айдынында тоқтатылуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында жасалып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz DW және Reuters деректеріне сүйеніп.

Анкараның талабы неден туындады

Түркияның әділет министрі Акын Гюрлек 21 тамызда министрлік елдің Ішкі істер министрлігіне Нетаньяхуға қатысты Интерполдың «қызыл хабарламасын» шығару рәсімін бастауды сұрап жүгінгенін мәлімдеді. Бұған дейін Стамбұлдың жоғары қылмыстық соты Израиль премьерін қамауға алу туралы ордер берген. Іс 2026 жылы мамырда Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізбек болған Global Sumud флотилиясының халықаралық суда тоқтатылуына байланысты қозғалған.

Түркия тарапының мәліметінше, Нетаньяху мен тағы бір күдіктіге тағылған айыптардың қатарында геноцид, адамзатқа қарсы қылмыс және азаптау бар. Флотилияға қатысты істің өзінде барлығы 35 адам жауапқа тартылмақ.

Reuters дерегінше, мамыр айында Израиль әскері Газаға бет алған флотилияның кемінде екі кемесіне оқ атқан. DW флотилия құрамындағы 40 елден келген 430 белсенді ұсталғанын жазады.

Гюрлек Түркияның Газадағы әрекеттері үшін Израильді жауапқа тартуға қолда бар барлық құқықтық тетікті пайдаланатынын айтты.

Израиль айыптауларды мойындамайды

Израиль премьер-министрінің кеңсесі Түркия билігінің айыптауларын жоққа шығарып, Анкараның бұл әрекетін сынға алды. Нетаньяху кеңсесі Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Израиль басшылығы мен әскерилерін қорқыту әрекеті нәтиже бермейтінін мәлімдеді.

Интерполдың «қызыл хабарламасы» өздігінен халықаралық қамауға алу ордері болып саналмайды. Бұл – ұйымға мүше елдердің құқық қорғау органдарына күдіктінің жүрген жерін анықтап, ықтимал экстрадицияға дейін уақытша ұстау жөнінде жолданатын сұрау.

Оның үстіне Түркияның өтініші Нетаньяхуға автоматты түрде халықаралық іздеу жарияланады дегенді білдірмейді. Интерпол келіп түскен құжаттарды жеке қарап, «қызыл хабарламаны» жариялау немесе одан бас тарту туралы шешімді өзі қабылдайды.

Түркия Израильдің Газадағы әскери операциясын өткір сынап келе жатқан елдердің бірі. Анкара бұған дейін де Нетаньяхуды қамауға алуға арналған ішкі ордерлер шығарып, Израильге қарсы халықаралық құқықтық шаралар қолдануға үндеген. Израиль болса адам құқықтары мен халықаралық құқықты бұзды деген айыптауларды мойындамайды.

Back to top button