АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты аяқтау үшін нақты мерзім белгіленбегенін мәлімдеді. Ақ үй басшысы Украина президенті Владимир Зеленскийдің Вашингтон келесі жылдың қаңтарына дейін бейбіт келісімге қол жеткізуді көздеп отырғаны туралы сөзіне осылай жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Трамп пен Зеленский не дейді
Дональд Трамп 24 қараша күні New York Post басылымына берген сұхбатында соғыстың мүмкіндігінше тезірек аяқталғанын қалайтынын, алайда келісімге қол жеткізу екі тараптың да ұстанымына байланысты екенін айтты.
«Мен ешқандай мерзім белгілемедім. Тек осы соғыстың аяқталғанын қалаймын. Білесіз бе, бұл бізге қатысты емес. Соғысты бүгін-ақ аяқтауға қуана келісер едім, бірақ танго билеу үшін екі адам керек. Сондықтан алдағы уақытта не болатынын көрейік», – деді АҚШ президенті.
Трамптың сөзінше, Мәскеу мен Киевтің келісімге келуге дайындығы үнемі өзгеріп отырады.
«Кейде Путин келісімге дайын, ал Зеленский дайын емес сияқты көрінеді. Кейде Зеленский келісімге қол жеткізуді қатты қалайды, ал Путин оған дайын болмай шығады. Мұның бәрі сол күнгі жағдайға байланысты», – деді Ақ үй басшысы.
Бұған дейін Владимир Зеленский Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Трамптың арнайы өкілдері Джаред Кушнер мен Стивен Уиткофф бейбіт келісімге мүмкіндігінше тезірек, дұрысы, қаңтардың басына дейін қол жеткізуді көздеп отырғанын айтқан еді. Алайда Украина президентінің сөзінше, Вашингтон Киевтен елеулі жеңілдіктер жасауды талап етіп отыр, ал Мәскеу соғысты тоқтатуға дайын екенін байқатпайды.
«Мұның құны қандай болуы мүмкін екенін түсінеміз. Біз де бейбітшілікті қатты қалаймыз, бірақ оған тек Украинаның есебінен қол жеткізуге болмайды», – деді Зеленский.
АҚШ Киевке қысым көрсетіп жатыр ма
Financial Times басылымы 21 қарашада келіссөздер барысынан хабардар төрт дереккөзге сілтеме жасап, Трамп әкімшілігінің Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісімге 2026 жылдың соңына дейін қол жеткізуге ұмтылып отырғанын жазды. Басылым мұны келесі жылдың қаңтарында демократтардың АҚШ Конгресінің екі палатасында да басымдыққа ие болып, республикашылдардың саяси ықпалы әлсірейтінімен байланыстырды. Басылымның еуропалық дереккөздерінің бірі Вашингтонның Киевке қысымды күшейткенін және Украина елеулі жеңілдіктер жасауға мәжбүр болуы мүмкін деген қауіп барын айтқан. Ал тағы бір дереккөз АҚШ келісімге қол жеткізуге асығып отырғанымен, Путиннің асығар емес екенін жеткізген.
Украина билігінің өкілдері Starlink спутниктік байланыс жүйесінің әскери нұсқасы саналатын Starshield қызметінің жылдамдығына қойылған шектеулер мен Patriot әуе қорғанысы жүйесіне арналған зымырандарды жеткізудің кешігуін Вашингтонның Киевке қысым көрсету әрекеті деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, АҚШ осылайша Украинаның келіссөздердегі позициясын әлсіретіп, Ресейдің пайдасына аумақтық жеңілдіктер жасауға итермелеуі мүмкін.
Ал Владимир Зеленский Трамп жыл соңына дейін Ресейді Украина үшін қолайлы шарттармен соғысты тоқтатуға көндіре алмаса, Киев қаңтарда АҚШ Конгресінің жаңа құрамына жүгінетінін мәлімдеді. Украина билігі Вашингтоннан ауқымды әскери көмек бөлуді және Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді сұрамақ.