Шетелдіктер Қазақстанға тіс емдету үшін жиі келетін болған

Қазақстанға стоматологиялық қызмет алу үшін келетін шетелдіктердің қатары артып келеді. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мұны еліміздегі стоматологиялық қызметтердің қолжетімділігімен және сапасымен байланыстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шетелдіктер неліктен Қазақстанда тіс емдетеді?
Құрылтайдағы брифингте Тимур Сұлтанғазиев Қазақстан стоматологтар қауымдастығының деректеріне сүйеніп, елімізге алыс шетелдерден де емделушілер келетінін айтты.
«Бізге тіс имплантын орнату бірнеше мың, тіпті ондаған мың доллар немесе еуро тұратын алыс шетелдердің тұрғындары келеді. Қазақстанда тексеруден өту немесе имплант орнату әлдеқайда арзан. Ал стоматологиялық қызметтердің сапасы жағынан біз олардан кем түспейміз», – деді вице-министр.
Журналистер шетелдік емделушілер санының артуы қазақстандықтар үшін стоматологиялық қызметтердің қымбаттауына әкелмей ме деп сұрады.
Сұлтанғазиевтің айтуынша, министрлік бұған алаңдамайды. Керісінше, шетелдіктердің медициналық қызметке жүгінуі отандық мамандардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
«Медициналық қызмет алу үшін келетін шетелдіктердің саны артса, стоматологиялық кабинеттерде жұмыс істейтін мамандардың лайықты табыс табуына көбірек мүмкіндік туады. Бұл орта буын медицина қызметкерлеріне де, дәрігерлерге де қатысты. Қосымша табыс көзі басқа бағыттардағы жүктемені азайтуға да мүмкіндік беруі ықтимал. Сондықтан бұл жағдай бағаның өсуіне әкеледі деп алаңдамаймыз», – деді Тимур Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ вице-министр стоматология саласын қаржыландырудың қосымша көздерін енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Оның пікірінше, медициналық туризмнің дамуы ел экономикасына да оң әсер етеді.
Медициналық туризм заңмен реттелмек
Қазақстанда медициналық қызметке жүгінетін шетелдіктер санының артуына байланысты «медициналық туризм» ұғымын заң жүзінде бекіту жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, шетелден емделуге келетін азаматтарға медициналық қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу тәртібі реттелмек.
«Бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкігін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды. Дегенмен Қазақстан азаматтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету басты міндет болып қала береді», – деді вице-министр Құрылтай отырысында.