Сотталған Ермегияевтің әкесіне қатысты ғимараты саудаға шығарылды
Сатылымға бұрын “Алматықұрылыс” ҰХК” АҚ иелігінде болған мүлік қойылды. Құжатқа зер салсақ, нысанның кезінде EXPO ісі бойынша сотталған Талғат Ермегияевтің әкесіне қатысы бар екені белгілі болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Саудаға қойылған нысан
Электрондық сауда порталында ауданы 781,2 шаршы метр ғимарат пен 8,92 сотық жер учаскесі сатылымға шығарылды. Жылжымайтын мүлік Алматыдағы Марков көшесі, 13 мекенжайында орналасқан.
Сырттай қарағанда нысан Алматыдағы кәдімгі бес қабатты “хрущевкада” орналасқан. Ішінде жылу мен жарығы тартылған.
Сатылатын нысан ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Бұрын кеңсе болған секілді. Себебі, дәліздері кең, әрі типтік кабинеттік залдары бар. Нысан 1984 жылы салыныпты. Нысанның әуелгі бағасы – 1,7 миллиард теңге. Оны Проблемалық кредиттер қоры сатуға қойған.
Сауда-саттық 20 қазан күні сағат 11:00-де бағаны төмендету әдісімен өтеді. Жалғыз қатысушыға сатуға рұқсат берілген. Сатып алу мен сату келісімі реестрдің веб-порталында электронды форматта өтеді.

Ғимарат кімге тиесілі
Лотқа тіркелген құжаттарға көз жүгіртсек, ғимарат әу баста “Алматықұрылыс” ұлттық холдингтік компаниясына тиесілі болды. Аталған компания өзінің “Серт” АҚ еншілес ұйымымен тізе қосып, Проблемалық кредиттер қорына төрт миллиард теңгеден аса қарыз болған. Борышкерлер ақшаның бір бөлігін қайтарды, қалған сома 240 миллион теңгеден аса деп бағаланды.
Оджан бөлек, “Алматықұрылыс” компаниясына құрылғалы оның бірінші басшысы ретінде Амангелді Ермегияев көрсетілген.
Саудаға Ермегияевтер отбасының не қатысы бар
“Алматықұрылыс” компаниясы 90-жылдардан бері Амангелді Ермегияевпен байланысты. Ол – Талғат Ермегияев “Астана ЭКСПО-2017” компаниясында пара алғаны және өзгенің мүлкін иемденгені үшін сотталған Талғат Ермегияевтің әкесі.