
Кісі қолынан мерт болған Нұрай Серікбай ісі бойынша сот үкімі шығар алдында ағасы Сұлтан Серікбай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сұлтан Серікбай не дейді
Бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген қылмыс бойынша сот үкімі бүгін кешкі бесте шығады. Сұлтан Серікбай осы іс басталғалы 8 ай өткенін атап өтті.
“8 айда бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз жоқ. Астана мен Алматыға бірнеше рет барып қайттық. Президент әкімшілігіне, Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне кіріп шықтық. Шымкентте бүкіл жердің табалдырығын тоздырдық. Бұл – бүкіл Қазақстанның трагедиясы деп ойлаймын. Өйткені мұндай зұлымдықпен, жауыздықпен кіп-кішкентай қыздың мойнына, бетіне… Айту әлі де жүректі ауыртады. Мұндай адамдарды біздің қоғамнан аластату керек. Екінші адам көрген кезде сабақ болатындай болу керек. Жәбірленуші тараптың сұрайтыны – тек өмір бойы бас бостандығынан айыру. Бұл – жазаның ең жеңіл түрі деп ойлаймыз”, – дейді ол.
Сұлтан Серікбай барлық жерде өздерін қолдауды, желіде тілектес болуды сұрады.
“Сіздерге тағы басымды идім. Рақметімді айтамын. Әрқашан қолдауды көріп жүрмін. Бізге қолдау білдіріп жатқан сіздер. Сіздерге мың да бір алғыс”, – деді Сұлтан Серікбай.
Нұрай ісі
Еске салсақ, 11 қаңтар күні Шымкент қаласының тұрғыны Нұрай Серікбай көптеген пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оған қоқан-лоқы көрсетіп, соңына түскені хабарланған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Осыдан кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы жұмысынан босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұрайды өлтірді деген күдікті бірнеше күн қашып жүріп, ұсталған. Күдіктіге үш айып тағылған.
Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары 10 миллиард теңге моральдық өтемақы талап еткен еді.
Прокурор соттан Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.