$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
☁ +4° Сезіледі +1° Жел 2 м/с Ылғалдылық 96%
Қоғам

“Шын алматылықтар Достық, Желтоқсан емес, көшелерді Ленин, Фурманов деп атайды”: блогердің сөзі дау туғызды

Айгерім Бердалиева атты блогердің Алматыдағы көшелерді бұрынғы атауларымен атайтыны жайлы жазбасы Threads желісінде дау туғызды. Бердалиева көшелерді ескі атаумен атайтынын желіде дөрекі түрде жеткізген. Осыдан кейін желі қолданушылары Eurasian Fashion Week ұйымдастырушыларынан оның суреті бар билбордтарды алып тастауды талап етті, деп жазады Tizgin.kz.

Блогер қалай көптің ашуына тиді

Threads желісінде mini_knopka лақап атымен жазатын Айгерім Бердалиева алдымен өзінің суреті Алматыдағы билбордқа шыққанын хабарлаған. Жазбасында жарнаманың орнын «Ленин көшесі» деп көрсетіп, оқырмандарынан өзін «қызғаншақ құрбысындай» құттықтауды сұраған. Кейін блогер көше атауларына қатысты тағы бір жазба жариялаған. Онда былапыт сөз қолданып, көшелерді бұрынғы атауларымен атайтынын жазған.

«Мне по… – Ленина. Скажу вам еще больше! Мне по… 2 — Фурманова! Никаких Достык, Назарбаева, Наурызбай Батыра, Желтоксан и т.д…» – делінген скриншоттағы жазбада.

Бердалиева одан әрі «нағыз алматылықтар» Ленин, Фурманов, Дзержинский, Виноградов, Комсомольская атауларын қолданатынын айтқан. Жазбасының соңында пікір қалдырушыларға да дөрекі жауап берген.

Бұл сөздерге бірқатар азаматтар желіде қарсылық білдірген. Олар блогердің қазіргі көше атауларына қатысты ұстанымын сынап, Eurasian Fashion Week парақшасынан оның суреті бар жарнаманы алып тастауды талап еткен. imkuralay есімді қолданушы: «Мына мини кнопканы билбордтан алып тастауларыңызды талап етеміз» деп жазған.

Ал sabi_baibussinov аккаунты ұйымдастырушыларға Айгерім Бердалиеваның суреті бар билбордтың алынған-алынбағанын сұрап жүгінген. akzerssegizbay есімді қолданушы да жазбаға наразылық білдіріп, ұйымдастырушылар мәселенің шешімін тез арада табатынына сенім білдірген. Кейбір пікір авторлары блогерге бұдан да қатаң айыптаулар айтқан. Алайда бұл – желі қолданушыларының бағасы.

Eurasian Fashion Week қандай шешім қабылдады

Қарсылықтан кейін Eurasian Fashion Week ресми парақшасында мәлімдеме жариялап, қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұраған. Ұйымдастырушылар блогердің мәлімдемелеріне қатысы жоқ екенін және оның жеке парақшасында білдірген ұстанымын қолдамайтынын жеткізген.

«Жағдай туралы ақпарат бізге белгілі болған сәттен бастап, блогердің қатысуымен жарияланған барлық материалдарды Алматы қаласының экрандары мен билбордтарынан алып тастау туралы шешім қабылданды», – делінген мәлімдемеде.

Осылайша, ұйымдастырушылар Бердалиеваның қатысуымен шыққан жарнамалық материалдарды алып тастауға шешім қабылдағанын хабарлады.

Back to top button