Экономика

Бектенов бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін таныстырды

Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында салық реформасының алғашқы нәтижелері, бизнесті әділ реттеу тетіктері және елдегі іскерлік белсенділіктің қазіргі ахуалы талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бюджет кірісі артты, бизнес саны көбейді

Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, биылғы алғашқы жартыжылдықта республикалық бюджетке корпоративтік табыс салығынан түскен түсім 15,7 пайызға өскен. Әсіресе қаржы секторы мен өңдеу өнеркәсібінде оң өсім байқалған.

Сонымен қатар алты айдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 550 мыңға көбейді. Қаржы министрлігі мұны өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды заңдастыру жұмыстарының нәтижесімен байланыстырады. Бұл санаттағы азаматтар әлеуметтік төлемдер жасап отырған жағдайда салық төлеуден босатылады.

Осы кезеңде жалдамалы қызметкері жоқ 260 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі қызметін тоқтатқан. Үкімет мұны бизнесті қолдан бөлшектеу тәжірибесінің едәуір азайғанының белгісі ретінде бағалап отыр.

Бизнеске жеңілдік 

Кеңесте Салық кодексіне енгізілген өзгерістер де айтылды. Соған сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлем төлеу шегі 325 мың АЕК-тен (1,4 млрд теңге) 600 мың АЕК-ке (2,6 млрд теңге) дейін ұлғаяды.

Нәтижесінде осы талапқа сай келетін кәсіпорындар корпоративтік табыс салығы бойынша түпкілікті есеп айырысуды жылына бір рет жүргізеді. Бұған дейін мұндай төлемдер жыл бойы ай сайын түсіп келген. Үкіметтің бағалауынша, бұл өзгеріс кәсіпкерлердің есептілік жүктемесін азайтып, айналым қаражатын сақтауға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысында Бектенов мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.

Back to top button