ЖаңалықтарТергеу

Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құсты ұстаған аңшы қамауға алынды

Павлодар облысында аңшы сирек кездесетін құстарды Instagram арқылы тапқан.

Павлодар облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жыртқыш құстарды заңсыз сатып алып, ұстады деген күдікке ілінген жергілікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері «Құсбегілік» федерациясының мүшесі әрі ұлттық құсбегілік бойынша Қазақстан құрамасының мүшесі бола отырып, Қарағанды қаласындағы жеке үйінің аумағында заңсыз құс питомнигін ұйымдастырған.

Заңсыз жеткізушілермен әлеуметтік желі арқылы байланысқан

Сирек кездесетін құстарды іздеу және сатып алу үшін күдікті ұлттық құсбегілікке, қыран құстарды күтіп-баптауға және емдеуге арналған Instagram желісіндегі тақырыптық парақшаны пайдаланған.

Осы парақша арқылы ол табиғи мекендеу ортасынан заңсыз ауланған сирек жыртқыш құстарды жеткізетін адамдармен байланыс орнатқан.

35 жыртқыш құс тәркіленді

Күдіктінің тұрғылықты жерінде жүргізілген санкцияланған тінту барысында 35 жыртқыш құс табылып, тәркіленді. Олардың қатарында лашын (сұңқар-балобан), ителгі (сұңқар-сапсан) және бүркіттер болған.

Тәркіленген құстардың барлығы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар жануарлар санатына жатады.

Күдікті қамауға алынды

Сот шешімімен күдікті қамауға алынып, оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды. Қылмыстық іс прокуратураға жолданды. Айыптаудың заңдылығы мен негізділігі тексерілгеннен кейін іс материалдары сотқа беріледі.

Құстар кейін табиғатқа жіберіледі

Қазіргі уақытта тәркіленген құстар Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағында уақытша күтімде ұсталып отыр. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына қайта жіберіледі.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, іс бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Back to top button