TOP-2Экономика

ҚТЖ 4,7 трлн теңге қарызын қалай жапқалы отыр – министр Сауранбаевтың жауабы

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өсіп жатқан қарызына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Tizgin.kz тілшісі министрден 4,7 трлн теңге қарызы бар ҚТЖ-ның жуырда юаньмен тағы 260 млн доллар қарыз тартқанына байланысты қауіп бар-жоғын сұрады.

Министрдің айтуынша, негізгі мәселе – қарыздың қайда жұмсалатынында.

«Жоқ, ондай қауіп жоқ. Егер ол ақша жай ғана жұмсалып кетсе, әрине әсер етеді. Ал егер транзитке, табыс әкелетін жобаларға салынса, бұл дұрыс шешім. 4-5 жыл бұрын ҚТЖ «қызыл аймақта» болған. Қазір несиесі көбейгенімен, кірісі 10 есе өсті. Ал қарыз көлемі 30-40 пайызға артты», – деді Сауранбаев.

Министрдің сөзінше, тартылған қаражаттың едәуір бөлігі жаңа кемелерге және салынып жатқан вокзалдарға бағытталып жатыр.

IPO-ға қашан шығады?

Сонымен қатар Сауранбаев ҚТЖ-ны IPO-ға шығару мерзімі кейінге қалғанын айтты. Бұған дейін ұлттық компанияны биыл биржаға шығару жоспарланған еді.

«Нарықтың қазіргі жағдайы онша қолайлы емес. «Самұрық-Қазына» жаңа мерзім қойып отыр. Біздің ойымызша, IPO 2027 жылдың бірінші тоқсанында өтеді», – деді министр.

Еске салсақ, жақында Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында Қазақстан темір жолы мен оның еншілес ұйымы ҚТЖ Express юаньмен облигациялар орналастырған болатын. ҚТЖ 1,18 млрд юань көлемінде қаражат тартса, «ҚТЖ Express» тағы 610 млн юань алған.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tizgin.kz (@tizginkz)

Back to top button