ҚТЖ қарызы 4,7 трлн теңгеге дейін шарықтады
Сенаттағы үкімет сағатында «ҚТЖ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев «ҚТЖ» қарыз жүктемесінің өсуінің негізгі себептерін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.
«ҚТЖ» қарыз жүктемесінің өсуінің негізгі себептері – жылжымалы құрамды жаңарту және инфрақұрылымды дамытуға тартылған қарыз қаражаттары.1 сәуірдегі жағдай бойынша жалпы қарыз көлемі 4,7 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде: шамамен 2,3 трлн теңге – жылжымалы құрам паркін жаңартуға, 1,1 трлн теңге – инфрақұрылымды салу және жаңартуға, 1,3 трлн теңге – ілеспе жобаларға бағытталған», – деді «ҚТЖ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев.
Оның айтуынша, локомотивтер АҚШ пен Францияның экспорттық кредиттік агенттіктерінің қолдауымен жеңілдетілген шарттар арқылы сатып алынуда. Сонымен қатар, жүк және жолаушылар вагондарының паркі жаңартылып жатыр.
«Алдағы уақытта қаржы тарту жұмыстары жалғасады. Бұл қаражаттар қарызды өтеуге, ірі инфрақұрылымдық жобаларды аяқтауға бағытталады. Атап айтқанда, 2026–2027 жылдары мына жобаларды аяқтау жоспарлануда: «Дарбаза – Мақтаарал», «Қызылжар – Мойынты», «Бақты – Аягөз». Сонымен қатар жолаушылар және жүк паркін жаңарту, ІТ ақпараттық жүйелерді енгізу, 124 вокзалды жаңғырту, өткізу қабілетін арттыру үшін 5 теміржол учаскесін дамыту, автобұғаттау жүйесін енгізу, Алтынкөл және Жетіген станцияларын модернизациялау жоспарланып отыр», – деді ол.
«ҚТЖ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қойшыбаев компанияның баланстық қарызы – 3,8 трлн теңге, ал номиналды қарызы – 4,7 трлн теңге екенін айтты. Оның айтуынша, қарызды өтеу мақсатында биыл IPO өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүріп жатыр, оған шамамен 6 ай қажет болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram