Қазақстанға АҚШ-тан келетін халықаралық көмек екі есе азайды: себебі неде
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін ірі донор мемлекеттер 2025 жылы дамушы елдерге көрсетілетін қаржылық көмекті айтарлықтай қысқартты. Бұл өзгеріс Қазақстанға да әсер етті. Бұл туралы Tizgin.kz порталы finprom.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Our World in Data халықаралық порталының мәліметінше, 2025 жылы ЭЫДҰ-ға мүше 10 елдің халықаралық даму мақсаттарына бөлген қаржысы 23,1 пайызға немесе 49 млрд долларға азайған. Нәтижесінде жалпы көмек көлемі 2024 жылғы 212 млрд доллардан 163 млрд долларға дейін төмендеген.
АҚШ халықаралық көмекті 2,3 есе қысқартты
Донор мемлекеттердің ішінде қаржылық көмекті ең көп қысқартқан ел – АҚШ. 2024 жылы Вашингтон халықаралық даму бағдарламаларына 65,3 млрд доллар бөлсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 28,3 млрд долларға дейін төмендеген.
Германия да қаржыландыру көлемін 21,1 пайызға азайтып, 26,2 млрд доллар бөлген. Ұлыбритания, Жапония және Франция да халықаралық көмекке жұмсалатын шығындарын қысқартқан. Ал Швеция мен Италия бұл көрсеткішті төмендетпеген.
БҰҰ ұсынымына сәйкес, дамыған мемлекеттер жалпы ұлттық табысының кемінде 0,7 пайызын халықаралық көмекке бағыттауы тиіс. Алайда көптеген ел бұл межеге әлі жеткен жоқ.
Қазақстан қанша халықаралық көмек алады
Қазақстан да шетелдік мемлекеттерден қайтарымсыз қаржылық көмек алатын елдердің қатарында. Алайда оның көлемі Орталық Азиядағы көрші мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда аз. 2024 жылы Қазақстанға бөлінген халықаралық көмек 84,4 млн долларды құраған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,2 пайызға төмен.
Салыстыру үшін, сол жылы Өзбекстан шамамен 2,6 млрд доллар, Тәжікстан 545 млн доллар, ал Қырғызстан 387 млн доллар халықаралық көмек алған. Қазақстанға бөлінетін қаражат негізінен адам құқықтарын қорғау, экологиялық тұрақтылық, ВИЧ/СПИД-пен күрес және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Айта кетейік, халықаралық қайтарымсыз көмекке инвестициялар мен несиелер кірмейді.
АҚШ-тың Қазақстанға бөлетін көмегі 40,9 пайызға азайды
2025 жылы Қазақстан АҚШ-тан 15,8 млн доллар көлемінде қаржылық көмек алған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40,9 пайызға аз.
Қаржыландырудың қысқаруына АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) жабылуы негізгі себептердің бірі болған.
Қазақстанға бөлінген қаражаттың 8,6 млн доллары үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне, ал 2,8 млн доллары БҰҰ-мен бірлескен даму бағдарламаларына бағытталған. Аталған жобалардың басым бөлігі БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге арналған.
Орталық Азияға бөлінетін қаржы үш есеге жуық қысқарды
2025 жылы АҚШ-тың Орталық Азия елдеріне көрсеткен жалпы қаржылық көмегі 94,1 млн долларды құраған. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 272 млн доллар болған. Осылайша, аймаққа бөлінетін қаржы үш есеге жуық азайған.
Атап айтқанда, Өзбекстанға берілетін көмек 4,3 есе қысқарып, 19,9 млн долларға дейін төмендеген. Тәжікстанға бөлінетін қаржы да шамамен үш есе азайған.
Сараптамада халықаралық көмектің қысқаруы әлеуметтік, денсаулық сақтау және тұрақты даму салаларындағы бағдарламаларды қаржыландыруға әсер етуі мүмкін екені көрсетілген.