Экономика

Қазақстан Транскаспий арқылы астық экспортын ұлғайтпақ

Женевада Kazakhstan Commodity Forum (Шикізат тауарларын сату жөніндегі қазақстандық форум) өтіп, онда көлік дәліздерін дамыту, шикізат тауарларының халықаралық саудасы талқыланды, деп хабарлайды Tizgin.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

ЭКСПОРТТА ӨСІМ БАР МА

Форумда “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов отандық агросекторды қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін және еліміздің әлемдік нарықтарға азық-түлік жеткізудегі маңызды рөлін атап өтті.

Өткен аграрлық маусымда Қазақстан экспорттық ауқымын едәуір кеңейте отырып, 15,3 млн тонна астық пен ұн жөнелтті. Бидай Еуропаға, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізілді.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ЕУРОПА БАЙЛАНЫСЫ

Одан әрі Ильдар Исмагулов жаңа өткізу арналарын іздеу және отандық ауыл шаруашылығы тауарларын сыртқы нарықтарға жылжытуға жәрдемдесу аталған корпорация қызметінің басым бағыттарының бірі екенін алға тарта келіп, Ұлттық астық операторының астықтың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету мүмкіндігі зор екеніне тоқталды. Бұл – жалпы сыйымдылығы 500 мың тоннадан асатын төрт жеке элеватор, сондай-ақ Ақтау, Амирабад және Говсан порттарындағы үш астық терминалы деуге болады.

ОРЫНБАСАР НЕ ДЕДІ

Соңғы жылдары Қазақстан Азияны Еуропамен байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді пайдалануда және қазақстандық өнімді алыс нарықтарға экспорттау үшін қосымша мүмкіндіктер ашпақ. Осы бағытта жүк тасымалдау көлемі тұрақты өсіп келеді. Қатысушы елдер де жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуда, бұл халықаралық сауданы дамытуға ортақ қызығушылықтың айқын көрсеткіші.

“Біз Швейцарияны іскерлік байланыстарды тереңдету және қазақстандық агроөнімдерді болашақта өткізу нарықтарына ілгерілету үшін перспективалы алаң ретінде қарастырамыз”, – деді Ильдар Исмагулов.

Back to top button