TOP-2Жаңалықтар

Қазақстан қысқы маусымға дайындықты күшейтті: 589 нысан жөнделіп, 137 млрд теңге бөлінді

Қазақстанның энергетика кешені 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықты күшейтті. Алдағы маусымда электр тұтынудың ең жоғары жүктемесі 18 200 МВт-қа жетеді деп күтілсе, KEGOC биыл 589 нысанды жөндеуге 4,1 млрд теңге жұмсамақ, ал «Самұрық-Энерго» негізгі жабдықтарды жөндеу мен жаңғыртуға 137 млрд теңге бөлген. Үкімет отырысында екі компания желілерді күшейту, генерацияны арттыру және станциялардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі негізгі шараларды таныстырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жөндеу жұмыстары  кестеге сай жүріп жатыр

Үкіметте осы мәселе бойынша сөз алған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанда 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында электр станциялары мен желілік инфрақұрылым нысандарын жөндеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Оның мәліметінше, биыл электр станцияларында 9 энергоблокты, 55 қазандық пен 51 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 4 энергоблоктың күрделі жөндеуі аяқталды. Бұл – жылдық жоспардың 44 пайызы. Сонымен қатар 22 қазандық, яғни жоспардың 40 пайызы және 10 турбина немесе жоспардың 20 пайызы жөнделді. Қазір тағы 3 энергоблокта, 29 қазандық пен 24 турбинада жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Ерлан Ақкенженов/Үкімет

Электр желілерін жаңарту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Жоспарланған 17,1 мың шақырым электр желісінің 15,7 мың шақырымы жөнделіп болды. Ал жылу желілерінің 246 шақырымы жаңартылды. Бұл – жоспарланған жалпы жұмыстың 65 пайызы.

«Энергетикалық инфрақұрылымды жылыту маусымына дайындау жоспарлы режимде жүріп жатыр. Барлық жөндеу жұмысы бақылауда және бекітілген кестеге сәйкес орындалып келеді. Біздің міндетіміз – күзгі-қысқы кезеңде энергетика нысандарының сенімді жұмысын қамтамасыз ету. Жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы белгіленген мерзімде аяқталады», – деді Ерлан Ақкенженов.

Министрлік жүргізіліп жатқан жөндеу науқаны алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды энергиямен тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Жүктеме артады: Оңтүстіктегі тапшылық қалай жабылады

 «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың мәліметінше, алдағы күзгі-қысқы кезеңде еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне түсетін жүктеме артады. Электр энергиясына сұраныстың өсуі, әсіресе, Оңтүстік аймақта анық байқалмақ.

Нәби Айтжанов/Үкімет

«Алдағы күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі ең жоғары тұтыну көлемі 18 200 МВт деңгейінде болады деп күтіледі. Бұл өткен маусымдағы көрсеткіштен 480 МВт-қа немесе 2,7 пайызға жоғары. Электр энергиясын тұтыну 2 млрд кВт·сағатқа, ал өндіру 2,1 млрд кВт·сағатқа артуы мүмкін. Оңтүстік аймақтағы ең жоғары тұтыну көлемі 5 100 МВт-қа жетеді деген болжам бар. Барлық жоспарланған генерациялау қондырғылары іске қосылған жағдайда өңірдегі генерация 2 800 МВт болады. Күтілетін тапшылық «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзиті арқылы жабылады. Осы транзитке артық жүктеме түсірмеу үшін Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 кемінде 850 МВт қуат беруі қажет. Газ электр станцияларында генерациялау мүмкін болмай қалса, көмірмен жұмыс істейтін жабдықтың дайындығы сақталуға тиіс», – деді Нәби Айтжанов.

Энергетикалық теңгерімді сақтау үшін ірі станциялардың тұрақты режимде жұмыс істеуі маңызды. Жоспарға сәйкес, Екібастұз ГРЭС-1 сегіз энергоблокпен, Екібастұз ГРЭС-2 екі блокпен, Еуразиялық энергетикалық корпорация жеті блокпен, ал Жамбыл ГРЭС-і төрт блокпен жұмыс істеуге тиіс. Сонымен бірге Түркістандағы бу-газ қондырғысын, Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-тегі жаңа газ қуаттарын белгіленген мерзімде іске қосу көзделген. Aksa Qyzylorda бу-газ қондырғысындағы авариялық жөндеуді аяқтау, негізгі генерациялау және электр желілік жабдықтарын уақтылы жөндеу де қысқы кезеңнен тұрақты өтудің басты шарттарының бірі болып отыр.

KEGOC биыл жалпы құны 4,1 млрд теңге болатын жөндеу жұмыстарын 589 нысанда жүргізуді жоспарлаған. Оның ішінде 100 электр беру желісі, 38 қосалқы станция нысаны, 107 ғимарат пен құрылыс, 337 автокөлік және жеті басқа да негізгі құрал бар. Сәуір айында басталған жөндеу науқаны бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр. Оңтүстік аймақтың электр желісін күшейту аясында қосалқы станциялардағы құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 500 кВ-тық «Шу – Жамбыл» және «Жамбыл – Шымкент» әуе желілерінің тіректері орнатылып, сымдары тартылып жатыр. Батыс Қазақстанның энергия жүйесін елдің Біртұтас энергетикалық жүйесіне қосу жобасы бойынша да «Өлке» және «Қарабатан» қосалқы станцияларында құрылыс жүріп, 500 кВ-тық «Өлке – Қарабатан» желісі салынып жатыр. Компания мәліметінше, екі бағыттағы жұмыстарда кестеден кешігу жоқ.

111 негізгі жабдық жөнделіп, станциялар жаңғыртылып жатыр 

«Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ғалымбек Ауталипов компанияға қарасты электр станциялары Қазақстандағы электр энергиясының үштен бірін өндіретінін атап өтті. Сондықтан олардың техникалық жағдайы елдегі жылу мен электрмен жабдықтаудың сенімділігіне тікелей әсер етеді.

Ғалымбек Ауталипов/Үкімет

«2026 жылғы жөндеу науқаны кезінде компаниялар тобының энергия нысандарындағы 111 негізгі жабдықты жөндеу көзделген. Оның 19-ы күрделі, бесеуі кеңейтілген және 87-сі ағымдағы жөндеуден өтеді. Қазір жоспарланған жұмыстың 64 пайызы аяқталды. Тағы 14 пайызы орындалып жатыр, қалған 22 пайызы бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Биыл ағымдағы және күрделі жөндеуге 137 млрд теңге бөлінді. Жөндеу бағдарламасының уақтылы әрі сапалы аяқталуы тұрақты бақылауда», – деді Ғалымбек Ауталипов.

Жөндеумен қатар станциялардың қуаты мен сенімділігін арттыратын бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Екібастұз ГРЭС-1-де сағатына 2,8 мың тонна көмір өткізе алатын отын беру жүйесі жаңғыртылып жатыр. Жобаның 75 пайызы орындалған, нысанды 2026 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланған.

Осы станцияда биіктігі 270 метр болатын жаңа түтін мұржасы да салынып жатыр. Жобаның 30 пайызы аяқталған. Жаңа мұржа 2027-2028 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін пайдалануға берілуге тиіс.Алматыда ЖЭО-2-ден Батыс жылу кешеніне дейінгі ұзындығы 19,5 шақырым болатын жылу магистралі жаңғыртылуда. Биыл оның 4,3 шақырымын монтаждау жоспарланған. Ал Екібастұз ГРЭС-2-де ұзындығы 15,5 шақырым болатын күл шығару жүйесінің екінші тармағы толық ауыстырылып жатыр. Қазір жұмыстың 60 пайызы орындалған, нысанды 2026 жылғы қазанда іске қосу көзделіп отыр.

Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту жобасының жалпы дайындығы 94 пайызға жеткен. Жаңа станция іске қосылғаннан кейін желіге шамамен 557 МВт электр және 957 Гкал жылу қуатын бере алады. Нысанда негізгі жабдықтар мен технологиялық эстакадаларды монтаждау аяқталып, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы ЖЭО-3-ті қайта жаңғырту жұмыстарына 840 адам мен 85-тен астам техника жұмылдырылған. Негізгі және қосалқы жабдықтардың 95 пайызы жеткізілген, ал бұл жұмысты алдағы 45 күн ішінде толық аяқтау жоспарланып отыр.

Компания мәліметінше, газ станцияларында штаттан тыс жағдай туындаған немесе газ жеткізу уақытша тоқтаған жағдайда, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтары толық режимге көшуге дайын болады. Бұл шаралар жаңа маусымда тұтынушыларды жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.

Back to top button