QazaqGaz Aimaq: газ тарату желілерінің жылыту маусымына дайындығы 91%-ға жетті

Қазақстанда газ тарату жүйелерінің 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге жалпы дайындық деңгейі 91%-ға жетті. «QazaqGaz Aimaq» АҚ жылыту маусымы басталғанға дейін газ шаруашылығы нысандарын дайындау жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания жаңа жылыту маусымына дайындықты өткен күзгі-қысқы кезең аяқталғаннан кейін бірден бастаған. Жаз бойы жұмыстар «Интергаз Орталық Азия» АҚ, коммуналдық қызметтер, өңірлердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары және ірі кәсіпорындармен бірлесіп жүргізіліп келеді.
Газ желілеріндегі жұмыстардың басым бөлігі аяқталды
Жылыту маусымына дайындық аясында газ шаруашылығы нысандарында жоспарлы жөндеу және техникалық тексеру жүргізілуде.

Қазіргі уақытта ГРП және ГРПБ нысандарын ағымдағы жөндеу жұмыстары 92%-ға, ГРПШ және ШРП нысандарында 93%-ға орындалған. Электрхимиялық қорғау құралдарын жөндеу көрсеткіші де 93%-ға жетті.
Газ құбырларын аспаппен тексеру жұмыстарының 96%-ы аяқталса, ажырату құрылғыларына техникалық қызмет көрсету 84%-ға орындалған.
Бұдан бөлек, биыл газ қысымының төмендеу себептерін жою және газ тарату желілеріндегі апаттар мен оқыс оқиғалардың қаупін азайту үшін 227 қосымша іс-шара қарастырылған. Оның 206-сы, яғни 91%-ы орындалды.
Атап айтқанда, газ құбырларын сақиналау жұмыстары 93%-ға, қосымша ШГРП орнату және ондағы қысым реттегіштерін ауыстыру 90%-ға орындалған. Ал газ құбырларының диаметрін ұлғайту жұмыстары 89%-ға жетті.
Қысқа дайындыққа 6 мыңнан астам маман жұмылдырылды
Алдағы жылыту маусымына газ шаруашылығын дайындауға 6 306 өндірістік персонал қызметкері тартылған. Олар жалпы ұзындығы 77 мың шақырым болатын газ тарату желілерін және сол желілердегі газ шаруашылығы нысандары мен құрылымдарын дайындап жатыр.

Компания мәліметінше, оның қызмет көрсету аймағында 287 360 ГРП, ПГБ және ШГРП бар.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар қыс мезгілінде газ тұтыну көлемі ең жоғары деңгейге жеткен кезде де тұрғындар мен кәсіпорындарды табиғи газбен тұрақты, үздіксіз әрі қауіпсіз қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен бірге «QazaqGaz Aimaq» мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Күнделікті аралау кезінде тұтынушыларға табиғи газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану, қауіпсіздік талаптарын сақтау және газды ұтымды тұтыну ережелері түсіндіріліп, арнайы жадынамалар таратылып жатыр.