Қазақ жігіті Лондонда мэр атанды

Қазақстанда туған Санжар Әбішев Лондонның беделді Сент-Джеймс ауданының мэрі болып сайланды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әбішевтің жеке маркетинг агенттігі бар және ол Ұлыбританияның Консервативтік партиясының белсенді мүшесі.
Лондондағы Сент-Джеймс ауданы мэрінің сайлауында консервативтік партия атынан түскен Санжар Әбішев жеңіске жетті. Ол 2,3 мың дауыстың ішінде қарсыласынан 350 дауыс артық жинаған. Сайлау қорытындысы мен нәтижелер жарияланған сәттің видеосын қазақстандық танымал кәсіпкер, Kusto Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Қанат Көпбаев әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Көпбаев Санжар Әбішевтің өзінің досының ұлы екенін және оның Ұлыбританияда мектеп жасынан бері тұратынын айтты. Әңгіме қазақстандық кәсіпкер Азат Әбішев туралы болуы мүмкін.
«Қазақ отбасынан шыққан, Ұлыбритания элитасында туысы да, байланысы да жоқ жігіт білімнің, тәртіптің және көп жылғы еңбектің арқасында Лондонның мәртебелі ауданының мэрі атанды. Бұл — оның жолының бастамасы ғана екеніне сенімдімін», – деді Қанат.
Санжар Әбішевтің LinkedIn желісіндегі парақшасына сәйкес, ол Malvern College колледжін және университетті тәмамдаған. Әр жылдары Ұлыбританиядағы түрлі компанияларда маркетинг саласының маманы болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері ірі брендтермен жұмыс істейтін Blue Swallow Group маркетинг агенттігін дамытып келеді. Сонымен қатар, 2015 жылы бірнеше әлеуметтік жобаны қолдайтын жеке қайырымдылық ұйымын құрған.
Әбішев саясатта кем дегенде 2022 жылдан бері жүр. 2024 жылы ол Сент-Джеймс округінің Консервативтік партиясының төрағасы атанды. Оның Instagram-дағы жазбаларына қарағанда, ол аудан тұрғындарымен тұрақты кездесіп, қоғамдық және саяси жұмыстарға белсенді араласқан.
Сайлауға аз уақыт қалғанда, үгіт-насихат науқаны кезінде ол пәтерінде құлап, жарақат алып, бірнеше күн бойы жатып қалған 79 жастағы ер адамды құтқарып қалған.