Ресей мен Украина соғысының жалғасып жатқанына 24 ақпанда 4 жыл болады. Соның қарсаңында Украина президенті Владимир Зеленский ВВС агенттігіне сұхбат берген. Tizgin.kz Зеленскийдің сұхбатының қысқарған нұсқасын оқырман назарына ұсынады.
Бұл – Владимир Зеленскийдің Джереми Боуэнге берген сұхбатының аудармасы. Сұхбат BBC News сайтында жарияланған.
Киевте кездескен кезде Зеленский Украина соғыста мүлде жеңіліп жатпағанын және оны өз жеңісімен аяқтайтынын мәлімдеген. Ол Владимир Путиннің талаптарын қанағаттандыруға үзілді-кесілді қарсы шықты. Путин бітімнің шарты ретінде Ресей ондаған мың сарбазынан айырылғанына қарамастан басып ала алмаған стратегиялық маңызды аудандардан украин әскерін шығаруды атаған болатын.
Зеленский маған Путин Үшінші дүниежүзілік соғысты әлдеқашан бастап кетті деді. Бұған жауап берудің жалғыз жолы – оны шегінуге мәжбүр ету үшін әскери және экономикалық қысымды күшейту.
«Менің ойымша, Путин оны бастап қойды. Мәселе – ол қандай аумақтарды және қаншалықты басып ала алады дегенде, – дейді Зеленский. – Және мәселе – оны қалай тоқтатуда. Ресей өз “бейбітшілігін” орнатқысы келеді және адамдардың өзіне ұнайтын өмірін өзгерткісі келеді».
Ал президент Украина бақылауында тұрған Донбастың 20%-ын (украиндар «қамал-қалалар» деп атайтын бірқатар елді мекендерді), сондай-ақ Херсон және Запорожье облыстарының басқа бөліктерін беруді талап етуге қалай қарайды? Егер соның нәтижесінде атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілсе, мұны ақылға қонымды талап деп атауға бола ма, деп сұралған.
«Мен бұған басқаша қараймын. Мұны жай ғана жер ретінде, немесе тек жер ретінде қарастырмаймын. Мен мұны – біздің позицияларымызды әлсіретіп, сол жерде тұрған жүздеген мың адамдарымызды тастап кету деп қабылдаймын. Осы арқылы қоғамымыз бөлшектелуі мүмкін», – деп жауап берді Зеленский.
Егер осы шарт Путинді қанағаттандырса, соғысты тоқтату Украинаға қолайлы шығар?
«Менің ойымша, Путинге осы үзіліс керек, – дейді Зеленский. – Оған бұл кідіріс ауадай қажет. Ол не айтса да, шындық – осы. Қайта күш жинап, әскери әлеуетін қалпына келтірген соң… Еуропалық серіктестеріміздің бағалауынша, бұған үш-бес жыл қажет. Ал меніңше, ол екі жылға жетпейтін уақытта-ақ қалпына келе алады. Одан кейін ол қай бағытта әрекет етеді? Біз білмейміз. Бірақ соғысты жалғастыруға ниетті екені – даусыз», – дейді Зеленский.
“Біз жеңіліп жатырмыз ба – әрине жоқ!”
Біз Владимир Зеленскиймен Киевтің орталығындағы жақсы күзетілетін үкіметтік кварталдағы ғимараттардың бірінде сөйлестік. Сұхбат барысында ол негізінен украин тілінде сөйледі.

Мансабын актер ретінде бастаған, 2006 жылы «Жұлдыздармен би» шоуының украиналық нұсқасында жеңіске жеткен және Украина президенті болып күтпеген жерден сайланған адам рөлін сомдаған Зеленский ерекше сабыр сақтап отыр
Жуырда Женевадағы бейбіт келіссөздер қарсаңында АҚШ президенті Дональд Трамп: «Украина келіссөздер үстеліне тезірек отырғаны жөн болар еді» деп мәлімдеді. Әдетінше, ол Ресейге қарағанда Украинаға көбірек қысым жасауды жалғастырып келеді.
Өткен жазда батыс дипломаттары Трамптың Путинмен Украина тарапынан аумақтық жеңілдіктер жасау – атысты тоқтатудың басты шарты деген мәселеде келісетінін айтқан. Трамп бұл келісімді, мүмкіндігінше, осы жылдың жазына дейін жасатқысы келеді
Көп сарапшы “Украина бұл соғыста жеңе алмайды” деп есептейді. Ал егер Мәскеуге жеңілдіктерге бармаса, жеңіліске ұшырайды дейді.
Мен Зеленскийден Трамп пен өзге де тұлғалардың мұндай пікірін әділ деп санай ма деп сұрадым.
«Ал сіз қазір қайда отырсыз? – деп қарсы сұрақ қойды Зеленский. – Сіз бүгін біздің Отанымыздың астанасы Киевтесіз. Мен бұған өте ризамын. Біз жеңіліп жатырмыз ба? Әрине, жоқ! Өйткені біз Украина тәуелсіздігі үшін күресіп жатырмыз».
Зеленский жеңіс дегенді не деп түсінеді
Украина президенті украиндардың қалыпты өмірге оралуын және адамдар өлімін тоқтауын жеңіс деп білетінін айтты. Алайда президент айтып жүрген жеңістің кеңірек түсінігі – оның сөзінше, Путиннен туындайтын жаһандық қатерді жою.
«Бүгін Путинді тоқтату, оған Украинаны басып алуға жол бермеу – бұл әлемнің жеңісі», – дейді ол.
Бірақ сіз жеңіс барлық аумақты қайтару дегенді білдіреді деп айтып отырған жоқсыз ғой?
«Біз мұны кез келген жағдайда жасаймыз, деп жауап берді Зеленский. –– Бұл мүлде түсінікті, тек уақыт мәселесі. Егер мұны бүгін жасаймыз десек, бұл көптеген адамды, миллиондаған адамды жоғалту дегенді білдіреді, өйткені ол армия үлкен. Біз бұл қадамдардың құнын түсінеміз».
«Сондай-ақ бізде қажетті көлемде қару жоқ. Бұл тек бізге ғана байланысты емес: серіктестерге де байланысты. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Бірақ 1991 жылғы әділ шекараларға оралу, сөзсіз, бұл… Бұл тіпті жай жеңіс емес. Бұл әділдіктің жеңісі. Украинаның жеңісі».
Бір жыл бұрын Зеленский Ақ үйге барып, онда қабылдауға ие болды. Жоғары лауазымды батыс дипломатының айтуынша, ол қабылдауды Дональд Трамп пен оның вице-президенті Джей Ди Вэнс тарапынан алдын ала жоспарланған «дипломатиялық бандитизм» деп сипаттаған.

Олардың әлемдік БАҚ алдында өткен дауын бүкіл әлемде миллиондаған адам көрді.
Екінші рет президенттік қызметіне кіріскен Дональд Трамп ең айқын сигнал берді: Джо Байденнің кезеңі, Зеленский мен Украина АҚШ-тың толық қолдауына сене алатын уақыт, аяқталды.
Жаңа әкімшілік сол кезде НАТО мүшелерін «бақылауға алды». Джей Ди Вэнс трансатлантикалық альянстың беріктігіне қатысты Батыс Еуропадағы иллюзияларды жоққа шығарды. Осыдан кейін Зеленский Трамппен ашық келіспеушіліктерден бойын аулақ салды – Ұлыбританияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джонатан Пауэллдің кеңесімен солай істеді.
АҚШ президенті Киевке әскери көмекті жіберуді іс жүзінде толық тоқтатты. Алайда Вашиңтон әлі де өмірлік маңызы бар барлау деректерін ұсынып отыр, ал еуропалық елдер Украина үшін америкалық қару-жарақ сатып алуға миллиардтаған қаржы жұмсау үстінде.